Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның қазақ-тәжік ынтымақтастығын дамытудағы рөлін жоғары бағалады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ Орталық Азиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға қосқан айрықша үлесін атап өтті.
Ақордада өткен келіссөзде Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның есімі қазіргі Тәжікстан тарихында ерекше орын алатынына тоқталды.
— Сізге күрделі, тіпті тағдыршешті деуге болатын кезеңде елге жетекшілік жасау және Тәжікстанды бейбітшілік, бірлік пен жасампаз даму жолына бастау сынды зор тарихи жауапкершілік жүктелді. Тегеурінді әрі парасатты басшылығыңызбен Тәжікстан өзінің мемлекеттілігі мен қоғамдық келісімді нығайтып, қарқынды өркендеу жолына бет алды. Сондықтан тәжік халқы Сіздің Отан алдындағы тарихи еңбегіңізді бағалап, Ұлт көшбасшысы деп атайды. Қазақстан жұртшылығы да Сізді өз халқына және күллі Орталық Азия елдеріне өлшеусіз еңбек сіңірген мемлекет қайраткері санайды. Сіз рухани негіздерімізді нығайтуға, тарихи жадыны және ұлттық мәдени мұраны сақтауға ұдайы көңіл бөліп келесіз. Тәжік халқының тарихы мен мәдениетін, көрнекті ойшылдар мен шайырлардың шығармаларын насихаттау жөніндегі бастамаларыңыз зор құрметке лайық, — деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эмомали Рахмонның Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы сан қырлы байланыстарды тереңдетуде айрықша рөл атқарғанына назар аударды.
— Орталық Азияның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтуға қосқан үлесіңіз — өлшеусіз. Баршаға мәлім беделіңіз, бай мемлекеттік тәжірибеңіз және бейбітшілік пен ынтымақтастық идеясына деген берік ұстанымыңыз біздің аймақтағы өзара түсіністік пен сенімді бекітуге септігін тигізді. Рухани-мәдени құндылықтарды сақтауға, бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы достық және одақтастық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесіңізді ескере отырып, Сізді, құрметті Эмомали Шарипович, Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттау жөнінде шешім қабылдадым. Бұл жоғары награда — Қазақстан халқының Сізге және бауырлас тәжік еліне көрсеткен шынайы құрметінің белгісі. Осы рәсім елдеріміздің мызғымас достығының тағы бір жарқын нышанына айналады деп сенемін. Құрметті Эмомали Шарипович, Сізге сарқылмас күш-қуат, жауапты қызметіңізге толайым табыс тілеймін, бауырлас тәжік халқы Сіздің басшылығыңызбен бейбіт өмір сүріп, өркендей берсін, — деді Қазақстан Президенті.
Айта кетейік, 5-7 қараша күндері Мемлекет басшысының шақыруымен елімізге Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның ресми сапары өтіп жатыр.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Тәжікстанның ең ірі сауда серіктестерінің үштігіне енгенін мәлім етті.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президентін Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапаттады.