Тәжікстан Президенті Ақордаға келді
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонды Ақордада қарсы алды.
Мәртебелі мейманның құрметіне Әскери әуе күштерінің тікұшақтары Қазақстан мен Тәжікстанның Мемлекеттік туларын желбіретіп, Ақорда алдынан ұшып өтті.
Мәртебелі қонақ сапарына орай салтанатты рәсімдер залында Құрмет қарауылы сап түзеді. Тараптар ресми делегация мүшелерін бір-біріне таныстырды. Одан кейін Құрмет қарауылы ротасының командирі салтанатты рапорт берді.
Президенттік оркестр Қазақстан мен Тәжікстанның мемлекеттік әнұрандарын орындады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон кілемше бойымен Қазақстанның Мемлекеттік туына қарай жүріп өтті.
Ту алдына келгенде Президенттер бас иіп, рәмізге құрмет білдірді. Содан соң қарауыл сапының бойымен жүрді.
Осыдан кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөздер басталды. Онда тараптар стратегиялық әріптестік пен одақтастық қатынастарды нығайту мәселелерін қарастырады.
Айта кетейік, 5-7 қараша күндері Мемлекет басшысының шақыруымен елімізге Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның ресми сапары өтіп жатыр.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстан президентін елорда әуежайында қарсы алған.
Сондай-ақ Э. Рахмон Астанада өткен Ақаба процесі саммитіне қатысты. Биылғы саммит «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» тақырыбына арналған.