Қазақстан ұшақ апатын жан-жақты зерттеуге бар күш-жігерін салады - Президент
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Әзербайжан Президентімен телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

— Президенттер қайғылы оқиғаға байланысты бір-біріне көңіл айтып, Маңғыстау облысында апатқа ұшыраған Azerbaijan Airlines ұшағында қаза тапқан азаматтардың отбасылары мен жақындарына сабыр тіледі, — делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев оқиғаны тергеу жөніндегі арнайы мемлекеттік комиссия жұмысы туралы мәлімет беріп, Қазақстан тарапы ұшақ апатын жан-жақты және объективті түрде зерттеуге бар күш-жігерін салатынын жеткізді.
Ильхам Әлиев іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу және зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша шұғыл әрекет еткені үшін Қазақстан Үкіметіне алғыс айтты.
Тараптар қайғылы оқиғаның мән-жайы толықтай анықталғанша екі ел үкіметтерінің құрылымдары тығыз байланыста болады деп уағдаласты.
Айта кетелік, Си Цзиньпин Президентке көңіл айту жеделхатын жолдады.