Қасым-Жомарт Тоқаев Иордан Хашимит Корольдігінің жоғары орденімен наградталды

АСТАНА. KAZINFORM — Иордания Королі ІІ Абдалла Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденін тапсырды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Иордания Королі ІІ Абдалла Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденін тапсырды.
Фото: Ақорда

Король Мемлекет басшысының Иордания мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне елеулі үлес қосқанын атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Корольдіктің жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін ІІ Абдалла бен әл-Хусейнге және достас иордан халқына алғыс айтты.

ІІ Абдалла Қасым-Жомарт Тоқаевты Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденімен наградтады
Фото: Ақорда

— Ұлы Мәртебелі, Сізді аса көрнекті мемлекет қайраткері әрі көшбасшы ретінде бағалаймын. Сондықтан бұл марапатты Өзіңізге деген шынайы құрметпен қабыл аламын. Осы айтулы оқиғаны Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігінің арасындағы өзара сенімге негізделген ынтымақтастықтың символы санаймын. Біз ықпалдастығымыздың жаңа көкжиегі белгіленген бүгінгі келіссөздердің қорытындысына баса мән береміз. Осынау маңызды сапардың нәтижесі серіктестікті одан әрі нығайтуға тың серпін береді деп сенемін. Елдеріміз арасындағы конструктивті диалог пен тығыз қарым-қатынас алдағы уақытта да кеңейе бермек. Бұл жаңа бағыттарды қамтып, екіжақты әріптестіктің дамуына ғана емес, өңірлік және жаһандық тұрақтылыққа да ықпал етеді деп ойлаймын, — деді Мемлекет басшысы.

Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Король ІІ Абдалла шағын құрамда келіссөз жүргізгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар