Президент «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының Локализация орталығына барды

ҚОСТАНАЙ. KAZINFORM —

 Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары аясында «АгромашХолдинг KZ» акционерлік қоғамының Локализация орталығын аралап көрді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

зауыт
Фото: Ақорда

Президентке дөңгелекті ауыл шаруашылығы техникалары мен жалпы машина жасау саласы үшін қосалқы бөлшектер шығаратын кәсіпорынның жұмысы таныстырылды. Бүгінде мұнда 700 адам еңбек етеді. Зауыт жылына 250 мыңға жуық бөлшек өндіреді. Жыл басынан бері зауыттан 1 мыңға жуық трактор мен 300 комбайн шығарылған. 

зауыт
Фото: Ақорда

Президентке Локализация орталығы CLAAS тракторлары мен комбайндарының бірқатар қосалқы бөлшегін дайындауға тапсырыс алғаны жөнінде баяндалды. Бұдан бөлек, жуырда аспалы және тіркемелі техникаларды өндіруде әлемде үздік саналатын AMAZONE компаниясымен келісімшартқа қол қойылады. Биыл зауытта дән себу және бүрку қондырғыларының өндірісі де іске қосылмақ. 

зауыт
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысына орталық қазіргі уақытта KIA компаниясымен бірлесіп, 2025 жылы іске қосылатын жаңа зауыттың құрамдас бөліктеріне арналған жабдықтар өндіру жұмыстарын бастағаны туралы мәлімет берілді. 

зауыт
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпорынның еңбек ұжымымен жүздесті. Зауыт жұмысшылары Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауын зор ықыласпен тыңдағанын, әсіресе, жұмысшы мамандардың беделі арта түсетініне ерекше қуанғандарын жеткізді. 

зауыт
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы орталық жұмысшыларымен әңгімелесу барысында өндірістегі жергілікті үлесті арттыру, білікті мамандар даярлау және ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту қажет екеніне тоқталды. 

еңбек
Фото: Ақорда



− Елімізде тозығы жеткен техникалар өте көп. Кейбір мамандардың айтуынша, ол 80 пайызға дейін жеткен. Қазақстанда шығарылған техниканың есебінен барлық паркті жаңартатын уақыт келді. Қазір колледждерде жұмысшы мамандықтар бойынша білім алған жастардың өндіріске келгені қуантады, − деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде зауыт еңбеккерлері машина жасаушылардың атынан Президентке жұмысшы мамандарға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысындағы KIA автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылыс алаңына барғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар