Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Президентін бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мен Мажарстан барлық салада ашық әрі өзара сенімге негізделген байланыс орнатты. Бұл туралы Ақордада елімізге ресми сапармен келген Мажарстан Президенті Тамаш Шуйокпен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Президент мырза бүгін Астанада өткен Digital Bridge халықаралық форумына арнайы келіп қатысты. Сол үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Жасанды интеллект жөніндегі ой-пікірлеріңіз бен бастамаларыңызды жоғары бағалаймын. Біз тамыры бір ағайын жұртпыз. Мажарстан — Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш мойындаған елдің бірі. Сондай-ақ бізбен стратегиялық әріптестік орнатқан Еуропа одағындағы тұңғыш мемлекет. Қазақстан егемен ел ретіндегі алғашқы Елшілігін Будапешт қаласында ашқан болатын. Бүгінде елдеріміз арасындағы саяси диалог жоғары деңгейде жүріп жатыр. Мемлекеттеріміз барлық салада ашық әрі өзара сенімге негізделген байланыс орнатты, — деді Президент.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, сауда-экономикалық және инвестиция саласындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Екі елдің қарым-қатынасына арқау болған шарттық-құқықтық негіз қалыптасты. Халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық кеңейді.
— Былтыр қарашада Будапештке жасаған мемлекеттік сапарымның қорытындылары осының айқын дәлелі. Мызғымас достық пен өзара қолдауға негізделген серіктестігіміз алдағы уақытта да табысты болады деп сенемін. Осы оң үрдіске Мажарстан Президентінің қосқан елеуі үлесін өте жоғары бағалаймын. Сондықтан бүгін жоғары мәртебелі Президент Тамаш Шуйокты бірінші дәрежелі «Достық» орденімен марапаттау мен үшін үлкен мәртебе болды, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев мажарлық әріптесімен кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Қазақстанда бірлескен жобаларды іске асыруға ниетті мажарлық кәсіпкерлерге толық қолдау көрсетілетіндігін айтқан болатын.