Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентін Наадам мерекесімен құттықтады
АСТАНА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухті Наадам мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы мейірімділік пен қайырымдылық құндылықтарын дәріптейтін тарихы терең бұл мейрамда Моңғолия халқының береке-бірлігі арта беруіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ достас екі ел арасында қалыптасқан өзара құрмет пен стратегиялық серіктестік ортақ игілік үшін одан әрі беки түсетініне кәміл сенетінін жеткізді.
Айта кетелік, Моңғолияда биыл Наадам 10–17 шілде аралығында аталып өтеді. Ел Үкіметі бұл туралы шешімді 4 маусым күні қабылдады.
Атап айтқанда, Наадамға арналған демалыс күндері 10 шілдеде басталып, сегіз күнге созылады. Бұл шешім азаматтардың ұсыныстары мен өтініштеріне сай қабылданған. Мақсат — мерекені кең көлемде атап өтуге мүмкіндік беру, ішкі туризмді қолдау және жұмыс пен жеке өмір арасындағы тепе-теңдікті сақтау.
Айта кетейік, Наадам — Моңғолиядағы ең ірі әрі маңызды ұлттық мереке. Оның атауы «ойын-сауық» немесе «ойындар» деген мағына береді. Бұл мереке ежелден бері моңғол халқының тәуелсіздігі мен бірлігінің символы ретінде тойланып келеді.
Еске салсақ, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы жол қашықтығы 800 шақырымға дейін қысқаратыны туралы жазған едік.