Қасым-Жомарт Тоқаев өзбек басшысының Қазақстанға сапарын жоғары бағалады
АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстан басшысының бұл сапары екі елдің ынтымақтастығын нығайту жолындағы маңызды қадам. Бұл туралы Ақордада Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевпен келіссөздерден кейінгі БАҚ өкілдеріне арналған брифингте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

«Ең алдымен менің шақыруымды қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені үшін Шавкат Миромонович Мирзиёевке шынайы ризашылығымды білдіремін. Мұны Өзбекстан басшысының қазақ жұртына зор құрметінің белгісі деп санаймын. Сондай-ақ бұл сапарыңызды екі елдің ынтымақтастығын нығайту жолындағы маңызды қадам ретінде бағалаймын. Біз алдыңғы жылы одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бұл - сіздің содан бергі Қазақстанға жасаған алғашқы мемлекеттік сапарыңыз. Сондықтан мен осы сапарға айрықша мән беріп отырмын. Оның екі ел үшін де маңызы өте зор. Қазақстан мен Өзбекстан ежелден іргесі бөлінбеген ағайын елдер. Баурыластығымыздың тамыры тереңде жатыр. Бір-бірімізге әрдайым қолдау көрсетеміз. Мақсат-мұратымыз да ортақ. Қарым-қатынасымыз соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. Біз стратегиялық серіктестіакті нығайта түсуге баса назар аударамыз. Бұл екі жақтың да мүддесіне сай келеді. Осы сапар өзара ықпалдастықты жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», - деді Мемлекет басшысы.
Президент бүгін өзара қолдау және сенім рухында нәтижелі кезіссөздер жүргізілгенін баса айтты.
«Қарым-қатынасымызды жандандыруға мүдделі екенімізді тағы да атап өттік. Сондай-ақ стратегиялық әріптестікті және одақтастықты дамыту бағдарламасын қабылдадық. Бұл құжат алдағы 10 жылға арналған. Басты мақсат – достығымызды арттырып, сан түрлі саладағы тиімді байланысты дамытуға тың серпін беру», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.