Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинге алғыс айтты
АСТАНА. KAZINFORM - Президент Қасым-Жомарт Тоқаев хатта Ресейге жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша Владимир Путинге ризашылығын білдірді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
– Жылы жүздесу, өзара сенім, түсіністік пен ашықтық сипатында өткен келіссөздер сапардың сәтті болуына септігін тигізді. Қазақстан халқы мұны зор ықыласпен қабылдады.
Қазақстан мен Ресейдің мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне жеткізу жөніндегі декларация айрықша мәнге ие.
Бұл құжат елдеріміздің сан қырлы ынтымақтастығын айтарлықтай нығайтады, – деп жазды Мемлекет басшысы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путиннің шақыруымен Мәскеуге мемлекеттік сапармен барды.
Сапар барысында Қазақстан мен Ресей президенттері бейресми кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің бейресми пікіралмасуы кешкі ас үстінде жалғасты.
Президент «Белгісіз жауынгер бейіті» ескерткіш мемориалына гүл шоғын қойып, Ресей Федералды Жиналысы Федерация кеңесінің төрағасымен кездесті.
Сондай-ақ Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті.
Сонымен қоса Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының мемлекетаралық қарым-қатынасын жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне дейін жеткізу жөніндегі декларацияға қол қойды.
Президенттің Ресейге мемлекеттік сапары барысында 13 келісімге қол қойылды.