Қасым-Жомарт Тоқаев Сербияның жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Президенті Сербия Республикасының жоғары мемлекеттік наградасымен марапатталды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Сербия Президенті Александр Вучич серб халқының бірлік, бостандық және ұлттық ту күніне орай екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевты Сербия Республикасының Үлкен алқа орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.
Мемлекет басшысы көрсетілген сый-құрмет үшін Александр Вучич пен барша серб халқына шынайы ризашылығын жеткізіп, бұл жоғары награданы қос халықтың берік достығы мен өзара сенімінің нышаны ретінде қабыл алатынын айтты.
Президент бірлесе күш-жігер жұмылдырудың арқасында қазақ-серб серіктестігі алдағы уақытта да екі ел халқының мүддесіне сай нығая түсетініне сенім білдірді.
Айта кетелік Сербия Президенті Александр Вучич Астанаға ресми сапармен келген еді.