Қасым-Жомарт Тоқаев: Технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев форумның пленарлық отырысында технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс екенін айтты. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев
Фото: Ақорда

— Форумның жаңа бағдары халықаралық ынтымақтастыққа тың серпін беріп, жасанды интеллектіні халқымыздың игілігі жолында тиімді пайдалануға септігін тигізеді. Жаһандық өркениеттің келбетін өзгертетін басты күш ретінде жасанды интеллект бүгінде адамзат өмірінің мәнін қайта саралауға мәжбүрлеп отыр. Бұл — баршамызға үлкен сынақ. Сондықтан біз инженерлер мен басқа да кәсіп иелерін, сондай-ақ осы технологияның мәні мен даму беталысын пайымдай алатын гуманитарлық сала мамандарының жаңа буынын тәрбиелеп шығаруымыз керек. Жасанды интеллектіде түрлі қоғамның болмыс-бітімі, дәстүрі, құқықтық нормалары мен адамгершілік қағидалары көрініс табуға тиіс. Сондықтан оны дамытуға философтар, әлеуметтанушылар және заңгерлердің атсалысатынына сенімдімін. Технология әлеуметтік теңсіздікті ушықтырмауы, азаматтардың мінез-құлқы мен таңдауына манипуляция жасамауы керек. Ол үшін тиімді шаралар қабылдауымыз қажет. Артықшылыққа ие топтар алгоритмдерді пайдаланып, әлдебір құндылықтар мен ойлау моделін қоғамға таңуы ықтимал. Оған жол беруге болмайды. Бұл әлемнің мәдени әралуандығына қиянат жасау болып саналады. Технология таңдаулыларға ғана емес, баршаға қызмет етуге тиіс. Әділ шешімі осы, — деді Президент.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Адамның шексіз әлеуеті және озық технологиялардың бірегей мүмкіндігі ұштасқанда ғана жарқын болашаққа даңғыл жол ашылады» деді. 

— Біз мына маңызды мәселені де назарда ұстауымыз керек: жасанды интеллектінің бойында сана бар, бірақ сезім жоқ. Жасанды интеллект талдау және болжам жасауға қабілетті болғанымен, адам сияқты армандап, қиялдай алмайды. Кім біледі, бәлкім, он-жиырма жылдан кейін мұндай ахуалдың өзі түбегейлі өзгеруі мүмкін, бірақ қазіргі таңда Жасанды интеллектінің «жаны» (эмпатия) әзірше жоқ. Адамзат жасанды интеллектінің игілігін көруі керек. Заманауи технологиялар қаншалықты озық болса да, адамның ой-санасы одан да жүйрік болуы қажет, яғни адам бұл тұрғыдан машинаның артында қалмауы керек. Осы мәселе бойынша көптеген тұжырым пайда болуда, тіпті, қызу пікірталастар жүріп жатыр. Бұл істе философия, мәдениет және білім айрықша рөл атқарады. Басқа сөзбен айтқанда, адамның шексіз әлеуеті және озық технологиялардың бірегей мүмкіндігі ұштасқанда ғана жарқын болашаққа даңғыл жол ашылады. Сөз соңында, Форум жұмысына табыс тілеймін. Жиын барысында құнды ой-пікірлер, пайдалы ұсыныстар айтылады деп сенемін, — деді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы форум атауын AI Bridge деп өзгертуді ұсынды.

Соңғы жаңалықтар