Кәсіпкерлердің 86,4% экономикалық соттар судьяларының кәсіби біліктілік деңгейіне қанағаттанатындығын білдірген - Әлеуметтік сауалнама
Бұл дерекке Қазақстан Республикасының Судьялар одағы Жоғарғы Сот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментімен бірлесіп, 2014 жылдың шілде және желтоқсан айларының аралығында әлеуметтану зерттеуін жүргізудің нәтижесінде көз жеткізіп отыр.
Сауалнама сот процестеріне қатысқан шағын, орта және ірі бизнес субъектілерінің мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттардың қызметіне берілетін қоғамдық бағаны зерделеу мақсатында жүргізілді.
Сауалнама нәтижесінің объективті болуы әрі респонденттерді барынша қамту мақсатында сұрау салудың неғұрлым қарапайым әрі қолжетімді тәсілі таңдап алынды.
Мамандандырылған экономикалық соттардың фойесінде сауалнамаларды жинақтау үшін арнайы, мөрленген жәшіктер орнатылды. Сауалнаманы ұйымдастырушылар әзірлеген сауалнамалардың стандартталған бланкілері сотқа келген сот процесіне қатысушыларға таратылған.
Әлеуметтану сауалнамасын жүргізу туралы ақпарат жергілікті соттардың Интернет-ресурстары мен ақпараттық тақтайшаларына алдын ала орнатылды. Бұған қоса, сұрау салудың өтетіні туралы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы да хабарландыру берілді.
Жүргізілген зерттеулер қорытындысы бойынша сұрау салынған респонденттер саны 6 878 адамды құрады.
Жалпы алғанда, талдау қорытындысы мамандандырылған экономикалық соттар қызметінің жағымды бағаланатындығын дәлелдейді.
Сауалнама нәтижесіне жасалған талдау барлық респонденттердің 5 938-інің немесе 86,4% экономикалық соттар судьяларының кәсіби біліктілік деңгейіне қанағаттанатындықтарын көрсетіп берді.