Кәсіпкерлердің бизнес жүргізу кезінде кезіктіретін кедергілерін құқықтық сауатты көтеру арқылы ғана шешуге болады - ҚР Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығының вице-президенті

Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Заң және бизнес» деген тақырыптағы семинарда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оны Адвокаттар форумы, ҚР Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығы және "Сфера" біліктілікті жетілдіру орталығы бірігіп ұйымдастырды. Дәстүрлі бұл шараға кәсіпкерлер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысуда.
"Шағын және орта бизнесті дамытуда елімізде көп жұмыс жасалып жатыр. Алайда кәсіпкерлердің ортақ мәселесі бар. Олардың көбі бизнеске қатысты заңдар мен нормативтік құжаттарды білмейді. Оның бірнеше себептері бар. Біріншісі, жарық көріп жатқан барлық заң мен нормативтік құқықтық актілерді қадағалап оқып отыруға уақыты жете бермейді. Екінші, шағын бизнес өкілдерінде заңгерлерді жалдауға бәрінде бірдей мүмкіндік бола бермейді. Заңдық нормативтік құқықтардың көбі министрліктердің сайтында жоқ. Бүгінгі семинар кәсіпкерлерге көмек беру, бизнеске кедергі боп жатқан мәселелерді шешуге қыпал ету мақсатында өткізіліп отыр", дейді ҚР Тәуелсіз кәсіпкер қауымдастығының вице-президенті Тимур Назханов. "Сфера" біліктілікті жетілдіру орталығының директоры Дильяра Тохтамованың айтуынша, алғашқы семинар желтоқсанның 10-ы күні өткен. Бүгінгі басқосуда азаматтық заң актілері, еңбек қатынастарын мемлекеттік тексеру және адвокаттарды таңдау жолдары талқыланбақ.