Кәсіпкерлік саладағы қажетсіз тексерістерді азайтуға болады - А.Мырзахметов
- ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов осылай айтты.
Оның айтуынша, «Атамекен» одағы дамыған мемлекеттердің, сондай-ақ ТМД елдерінің тәжірибесін саралап шықты. «Бүгінгі таңда Грузияның тәжірибесі туралы жиі айтады. Оларда өрт сөндіру және санитарлық-эпидемиялық тексеру мекемелері мүлдем жоқ. Оның орнына қоғамға келтірілген залал үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтіліп отыр. Сақтандыру жүйесі де жақсы дамыған. Егер қандай да бір кәсіпкер адам денсаулығына зиян келтірсе, онда ол сақтандыру жүйесі аясында қарастырылған ақыны өз қалтасынан төлейді. Сондай-ақ Грузияда техникалық стандарттар қатаң. Мәселен, мейрамхана ашатын кез келген кәсіпкер сол орынды Америка мен Еуропаның стандарттарына сай етіп, жабдықтауы міндет. Бұл - өте ұтымды тәжірибе. Әрине, біз бірден өрт сөндіру мен санитарлық инспекцияны алып тастау керек деп отырған жоқпыз. Бірақ осы саладағы тексеріс құжаттарын азайтуға болады. Ол жұмысты сол құжаттарды шығаратын мемлекеттік органдарға нақты аудит жүргізу арқылы атқарған жөн», - дейді А.Мырзахметов.
Ұлттық экономикалық палатаның басшысы атап көрсеткендей, бұған дейін Үкімет аудит өткізетін арнайы комиссияны құрып, құрамына сол тексеріс құжаттарын жасайтын мемлекеттік органдардың мүшелерін енгізді. Ол кезде «Атамекеннің» атынан 3-ақ адам комиссияға енді. «Қалған 20-25-сі - баяғы шенеуніктер. Сонда қалай? Олардың өз-өзіне аудит жасайтын болғаны ма? Ондай аудиттың қандай болатыны бесенеден белгілі. Сол себепті біздің ойымызша, әлгіндей комиссияны Экономикалық даму және сауда министрлігі басқарса, ал оның құрамына үкіметтік емес ұйымдардың сарапшылары кіруі тиіс. Сонда ғана әділ аудит өткізіп, нақты нәтижеге қол жеткізуге болады», - дейді А.Мырзахметов.