Кәсіпкерлікті енді бастаған фермерлер даму институттарынан қолдау көрмей отыр - ШҚО прокуратурасы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпкерлік қызметін енді бастаған және тиісті мүлкі жоқ фермерлер даму институттары арқылы ешқандай қолдау ала алмай отыр. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі бағдарламаны жүзеге асырудағы заңдылықтың сақталуына жүргізілген тексеру нәтижесінде анықтаған.
None
None

Облыс прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру нәтижелері бойынша мемлекеттік қолдаудың жеткілікті деңгейіне қарамастан, ауыл шаруашылығы өнім берушілерін қолдау бағытында бірқатар кемшіліктер бар екенін анықтады. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнаманың жетілмегені және жергілікті атқарушы органдардың лауазымды тұлғаларының тарапынан өз қызметтік міндеттерін дұрыс атқармағаны орын алған.

«Мысалы, даму институттары жүзеге асыратын бағдарлама шарттары бойынша кәсіпкерлереге 10 жыл мерзімге сыйақы мөлшері жыл сайын 7 % құрайтын 4 500 000 теңге берілуі мүмкін. Осындай жағдайларда, егер кәсіпкер осы бағдарлама бойынша қарастырылатын (15 жылқы ат сатып алу үшін) 4 500 000 теңгені 10 жыл мерзімге ең аз сома мөлшерінде заем алса, несиенің барлық мерзімінде кәсіпкер 7 650 000 теңге қайтаруы тиіс. Бұл мемлекеттік қолдау ретінде алған соманың 70 пайызынан артық», - делінген баспасөз баянында. Бұдан бөлек, прокурорлар даму институтынан қолдау алу үшін ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілердің тиісті кепілдік мүлкі болуы тиістігін еске салады. Ал «ҚазАгро» холдингі еншілес кәсіпорындарының талабы бойынша кепіл жоғары өтімді, төмен өтімді болып бөлінеді, оның ішінде, Қазақстан Республикасының бағалы қағаздары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің кепілдері төмен өтімді болып табылады. Бұл ретте облыстың қожалық шаруашылықтарының ешқайсысы жоғары өтімді қамсыздандыруға ие емес.

«Осындай жағдайлар мемлекеттік қолдаудың қолжетімділік қағидасына күмән келтіреді, себебі, жоғарыда аталған өлшемдерге тек қаржы жағынан тұрақты шаруашылықтар жатады. Ал кәсіпкерлік қызметін енді бастаған және тиісті мүлкі жоқ фермерлер мемлекеттен даму институттары арқылы ешқандай қолдау ала алмайды», - делінген баспасөз баянында.

Бұдан бөлек, прокурорлық тексерулер барысында облыстың барлық дерлік аудандарында жергілікті атқарушы органдар кәсіпкерлердің субсидияларды алу үшін өтінімдерін тіркемейтінін анықтаған.

Соңғы жаңалықтар