Кәсіпқой боксшы Әшкеев келесі айқасын АҚШ-та өткізеді

BoxRec.com сайтының ақпаратынша, оның қарсыласы 34 жастағы америкалық Сесил Маккалла (21-3, 8КО). Бірінші орта салмақтағы айқас он раундқа есептелген. Бокс кеші Қазақстан уақыты бойынша 24 мамыр күні таңертең басталады.
30 жастағы Әшкеев соңғы рет рингке биылғы 11 қаңтарда шыққан болатын. Санта Инесте (АҚШ, Калифорния штаты) өткен кездесуде қазақстандық спортшы төрешілердің бірауызды шешімімен Пуэрто-Рико өкілі Луис Эрнандесті (16-8, 9КО) жеңді.
Айта кетейік, Әшкеевтің кәсіпқой рингтегі істерін танымал менеджер Эгис Климас жүргізеді. Жуық уақыттан бергі бапкері - тәжірибелі тәлімгер Джеймс «Бадди» Макгирт.
Бұған дейін тағы бір кәсіпқой боксшымыз - 24 жастағы Нұртас Әжбеновтің (4-0, 1КО) келесі қарсыласы анықталғанын хабарлаған болатынбыз. Англияның Ньюкасл қаласында орналасқан Eagles Community аренасында 3 мамыр күні өтетін айқасты Әжбенов 20 жастағы ресейлік Борис Шикуновпен өткізеді. Жартылай орта салмақтағы жекпе-жек алты раундқа есептелген.