Кәсіподақтар бірлестігі 200 адамды 8 мамандыққа оқытпақ - ОҚО

Бірлестік төрағасының сөзінше, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында ағымдағы жылдың 1 маусымынан қыркүйек айына жұмыссыз азаматтар тегін оқытылатын болады. Кәсіподақтың оқыту орталығында тұрғындарды тоқымашы, аспаз, жүргізуші, жиһаз құрастырушы секілді 8 мамандыққа оқыту көзделуде. Қазіргі таңда Қазақстанның кәсіподақтар Федерациясы құрамында 221 752 адам оңтүстіктің азаматтары болып отыр.
«Жалпы кәсіподақ бірлестігі барлық сала жұмысшыларының еңбекақы және қауіпсіз жұмыс жағдайы мәселелерін, еңбек демалысын дер кезінде алу мен өзге де мәселелерді шешу үшін бірігетін қоғамдық ұйым. Мәселен, 2008 жылы облыстағы жұмыс істеп тұрған 16 000 кәсіпорынның ішінде тек 1 853-інде ғана өз жұмысшылармен келісімшарт жасалған. Бұл - 11,6 пайыз деген сөз. Ал қазіргі таңда құрамында кәсіподақ ұйымдары бар кәсіпорындар мен ұйымдардағы ұжымдық келісімшарт жасасу үлесі 42 пайызды құрап отыр», - деді Берік Бекжанов.
Айта кетерелігі, кәсіподақ жарналары бойынша қаражаттың орта есеппен 70 пайызы бастауыш кәсіподақ ұйымдарында қалып, ал 30 пайызы кәсіподақ аппаратының қалыпты жұмыс істеуі үшін облыстық және республикалық деңгейдегі кәсіподақтарға бөлініп келеді.
«Бастауыш кәсіподақ ұйымдары өздерінің кәсіподақ жинақтарын өз ұжымындағы кез келген іс-шараға жұмсауға құқылы. Бұған дейін әлеуметтік төлемдер кәсіподақтарға бағытталып, ұйымдар жұмысшылар үшін жолдамаларды сатып алып, оларды өз бағасынан 90 пайыз арзан немесе тегін таратып келді.
Айта кетейік, өткен жылы 10 салалық кәсіподақта 4100 адам сауығуға жолдама алған. Оның ішінде 3000-ға жуық жолдама ОҚО білім беру және ғылыми қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ комитетіне тиесілі, ол мақсатта 160 миллионнан астам теңге бөлінген болатын», - деді Берік Бекжанов.
Сонымен қатар, өңірдегі кәсіподақ бірлестігі облыстық сотпен әріптестікті жалғастырмақшы. Бұл тұрғыда жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау мақсатында аумақтық кәсіподақ орталығында іс-шаралар жоспары түзілген. Оның бірінші бағыты бойынша татуластыру қызметтері орталығын құрып, еңбек дауларын сотқа дейін шешу көзделіп отыр.