Кәсіподақтар федерациясы жаңа заңды жедел қабылдауды талап етуде
«Уақыттың заманауи талаптары, соның ішінде жаһандық дағдарыс әлеуметтік еңбек қатынастарының жаңа формаларын құрғандықтан, еңбек даулары мен қақтығыстарын шешудің тың тәсілдерін ойлап табудың қажеттілігі артып отыр. 2010 жылдан бастап біздің елімізде де жағдай күрт өзгерді. Біз еңбек даулары мен қақтығыстарының жүйелі түрде өскенін байқап отырмыз», - дейді Әбілғазы Құсайынов.
Оның айтуынша, бүгінгі күні қайшылықтарды сындарлы әлеуметтік диалогсыз шешу еш мүмкін емес. Бұл ретте ең алдымен әлеуметтік әріптестіктің тиімді тетіктерін қалыптастыру маңызды. Ал ол бойынша кәсіптік одақтар еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құралға айналуы шарт.
«Бұл мәселеде мүдделер теңгерімінің сақталуы, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету шаралары аса өзекті мәнге ие. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қазақстанның кәсіподақтар қозғалысының қызметіне қатысты әділ сын айтып, олардың еңбек дауларын шешуге қабілетсіз екенін, нақты шешім қабылдай алмайтынын атап өткен болатын. Тоқтала кететін жайт, біздегі 1993 жылы қабылданған заң қазір іс жүзінде жұмыс істемейді десек те болады», - деді ол.
Осыған орай, Кәсіподақтар федерациясының басшысы заң нормаларының олқылықтығына қатысты бірқатар мысалдарды алға тартты. Мәселен, оның айтуынша, «Қазақмыс» кәсіпорындарында қазіргі таңда үш бірдей кәсіподақ қызмет етеді. Алайда, солардың бір де біреуі тиімділік танытпаған. Кезінде ушыққан жұмысшылардың «тау-кен өндірісі жағдайындағы төменгі жалақы туралы» көтерген мәселелеріне де кәсіподақтар еш мән бермеген.
«Тау-кен өндірісі саласында 70 мың теңгемен ең төменгі жалақы алып келген жұмысшылар болды. Осыған орай, жұмысшылар мәселе көтерді, ал осы кезде кәсіподақтардың үшеуі де қауқарсыз болды. Жалпы, еліміздегі жағдай қызық, бір кәсіпорында үш бірдей кәсіптік одақ бола тұра, сол үшеуі өздерінің арасында дауласып, кім мықты, кім күшті, дегенге дейін барады. Бұдан қандай жұмыс, қандай қорытынды шығаруға болады», - дейді Ә. Құсайынов. Оның сөзіне қарағанда, осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін кешенді жұмыстар атқарылуы қажет. Соның маңыздысы жаңа заң қабылдау.
«Әлбетте, кәсіптік одақ қозғалысы саласында реттелмеген мәселелер шаш етектен. Оларды тіпті бір ғана заң актілері арқылы шешу де мүмкін емес. Дегенмен, менің ойымша, бүгінгі таңдағы ең басты мәселе - заң жобасын Парламентте жеделдетіп қабылдау. Біз шын мәнінде бұл заңды қабылдауды тым ұзаққа созып жібердік, талқылаудан ары асқан жоқпыз. Ал есесіне кәсіптік одақ қозғалыстары құлдырап барады, еңбек даулары өршу үстінде. Осының бәрін шетінен реттеуге жаңа редакциядағы заң өз септігін тигізер еді», - деді Кәсіподақтар федерациясының басшысы.