Кәсіподақтар федерациясына жаңа төраға сайланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Кәсіподақтар федерациясы бас кеңесінің отырысы өтті. Жиын барысында Кәсіподақтар федерациясының жаңа төрағасы сайланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Мүше кәсіподақ ұйымдары мен кәсіподақтар қозғалысы ардагерлерінен түскен өтінімдер негізінде ҚРКФ төрағасы лауазымына бір кандидат – бүгінгі күнге дейін ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарып келген Сатыбалды Дәулеталин ұсынылды.

Дауыс беру нәтижесінде Сатыбалды Дәулеталиннің кандидатурасы Бас кеңес мүшелерінің көпшілік даусымен (57 – қолдады, 3 – қалыс қалды, ешкім қарсы болған жоқ) қолдау тапты.

Көп жылдардан кейін бірінші рет федерацияға кәсіподақ ортасынан шыққан өкіл басшылық етеді.

Жаңа сайланған төрағаның Кәсіподақтар федерациясындағы еңбек өтілі 2015 жылдан бастау алады. 5 жыл ішінде Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақтар қозғалысының дамуына елеулі еңбек сіңірді, еліміздің кәсіподақтар қозғалысының көшбасшылары арасында үлкен сенім мен зор құрметке ие болды.

Сатыбалды Дәулеталин 7 мамыр 1962 жылы Ресейдің Орынбор облысында туған. 1984 жылы Қазақ политехникалық институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша аяқтаған. 2004 жылы Дипломатиялық академияда, Дж. Маршалл атындағы Еуропалық қауіпсіздік мәселелерін зерттеу орталығында білім алды.

Әртүрлі жылдары Парламентте, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте жұмыс істей жүріп, мемлекеттің заңнамалық базаның қалыптасуына, сондай-ақ ҚР мемлекеттік қызметтің құрылуы және реформалануына тікелей қатысты.

Құрмет грамотасымен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Құрмет» орденімен марапатталған.


Соңғы жаңалықтар