17:11, 03 Ақпан 2009 | GMT +5
Кәсіптік мектеп жартығасырлық мерейтойын атап өтті
ОРАЛ. Ақпанның 3-і. ҚазАқпарат /Ғайсағали Ералы/ - БҚО-ның Бөрлі ауданындағы №15 кәсіптік лицей жартығасырлық мерейтойын атап өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алғашқыда шағын механикаландыру мектебі ретінде жұмысын бастаған аталмыш лицей заман талабына сәйкес 2006 жылдан бастап БҚО бойынша мұнай-газ саласы үшін жоғары білікті жұмысшы кадрларын даярлайтын тіректік оқу орны мәртебесіне ие болды.
Жарты ғасыр ішінде 15 мыңдай жұмысшы маман даярлап шығарған оқу орнынан өндіріске, сондай-ақ ауыл шаруашылығына қажетті мамандықтар бойынша жастар білім алады. 1995 жылдан бастап лицей базасында Ақсай аймақтық оқу орталығы да жұмыс жасап келеді. Білім ордасында оқу зертханалары мен дәрісханалары, спорт пен акт залдары, кітапхана мен асхана, ғаламтор желісіне қосылған екі компьютерлік кабинет, лицейдің өзінің сайты бар.
Қарашығанақ төңірегіндегі белді компаниялармен байланыс орнатқан лицей қабырғасынан жыл сайын білім алып шығатын 150 түлектің 70 пайызы жұмысқа орналасады, ал бірқатары мұнайгаз ісі мамандықтары бойынша колледждер мен ЖОО-ларда оқуын жалғастырады.