Кәсіптік одақтар қозғалысын жаңғырту жаңа заң аясында шапшаң шешімін табуы керек
Бұған мысалдар да жеткілікті. Ең ақыры Мемлекет басшысы былтырғы жылы Парламенттің жаңа сессиясын ашу кезінде «қазақстандық кәсіподақ қозғалысын жаңғыртуды анағұрлым батыл жүргізу» туралы тапсырма жүктеген болатын. Ал мұндай батыл қадам «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заңды қабылдаумен тікелей байланысты болмақ. Сондықтан да, Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы Парламенттен жаңа заң жобасын жеделдетіп қабылдауды сұраған еді.
Әбілғазы Құсайынов төрағалық ететін Қазақстан Кәсіподақтары федерациясының 180 облыстық, 445 қалалық және аудандық бөлімшелері бар, сондай-ақ республикада 18 мың 500-дей бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс жасайды. Өткен ғасырдың 90-жылдары кәсіподақтар мүшелерінің саны Қазақстанда 7,4 миллион адамға жетсе, бүгінде мүшелер қатары 2,1 миллион адамға құлдыраған. Дегенмен, дәл қазіргі таңда кәсіптік одақтарды жаңғырту күн тәртібінің басты мәселесіне айналғаны белгілі.
«Уақыттың заманауи талаптары, соның ішінде жаһандық дағдарыс әлеуметтік еңбек қатынастарының жаңа формаларын құрғандықтан, еңбек даулары мен қақтығыстарын шешудің тың тәсілдерін ойлап табудың қажеттілігі артып отыр. 2010 жылдан бастап біздің елімізде де жағдай күрт өзгерді. Біз еңбек даулары мен қақтығыстарының жүйелі түрде өскенін байқап отырмыз», - дейді Әбілғазы Құсайынов бүгін Мәжілісте өткен конференция барысында. Оның айтуынша, қазіргі таңда қайшылықтарды сындарлы әлеуметтік диалогсыз шешу еш мүмкін емес. Бұл ретте ең алдымен әлеуметтік әріптестіктің тиімді тетіктерін қалыптастыру маңызды. Ал ол бойынша кәсіптік одақтар еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құралға айналуы шарт.
«Бұл мәселеде мүдделер теңгерімінің сақталуы, әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету шаралары аса өзекті мәнге ие. Осыған орай, Мемлекет басшысы Қазақстанның кәсіподақтар қозғалысының қызметіне қатысты әділ сын айтып, олардың еңбек дауларын шешуге қабілетсіз екенін, нақты шешім қабылдай алмайтынын атап өткен болатын. Тоқтала кететін жайт, біздегі 1993 жылы қабылданған заң қазір іс жүзінде жұмыс істемейді десек те болады», - деді Ә. Құсайынов.
Осыған орай, Кәсіподақтар федерациясының басшысы заң нормаларының олқылықтығына қатысты бірқатар мысалдарды алға тартты. Мәселен, оның айтуынша, «Қазақмыс» кәсіпорындарында қазіргі таңда үш бірдей кәсіподақ қызмет етеді. Алайда, солардың бір де біреуі өз қызметінде тиімділік танытпаған, жұмысшылар мүддесін қорғай алмаған. Кезінде ушыққан жұмысшылардың «тау-кен өндірісі жағдайындағы төменгі жалақы туралы» көтерген мәселелеріне де кәсіподақтар еш мән бермеген.
«Тау-кен өндірісі саласында 70 мың теңгемен ең төменгі жалақы алып келген жұмысшылар болды. Осыған орай, еңбеккерлер мәселе көтерді, ал кәсіподақтардың үшеуі де қауқарсыз болды. Жалпы, еліміздегі жағдай қызық, бір кәсіпорында үш бірдей кәсіптік одақ бола тұра, сол үшеуі өздерінің арасында дауласады: кім мықты, кім күшті, дегенге дейін барады. Бұдан қандай жұмыс, қандай қорытынды шығаруға болады», - дейді Әбілғазы Құсайынов. Оның сөзіне қарағанда, осындай келеңсіздіктерді болдырмау үшін кешенді жұмыстар атқарылуы қажет. Соның маңыздысы - жаңа заң қабылдау. «Әлбетте, кәсіптік одақ қозғалысы саласында реттелмеген мәселелер шаш етектен. Оларды тіпті бір ғана заң актілері арқылы шешу де мүмкін емес. Дегенмен, менің ойымша, бүгінгі таңдағы ең басты мәселе - заң жобасын Парламентте жеделдетіп қабылдау. Біз шын мәнінде бұл заңды қабылдауды тым ұзаққа созып жібердік, талқылаудан ары асқан жоқпыз. Ал есесіне кәсіптік одақ қозғалыстары құлдырап барады, еңбек даулары өршу үстінде. Осының бәрін шетінен реттеуге жаңа редакциядағы заң өз септігін тигізер еді», - деді Ә. Құсайынов.
Ал жаңа редакциядағы заң жобасына келсек, құжат бүгінгі таңда Парламентте белсенді түрде талқыланып жатыр. Жаңа заңның ең басты мақсаты - кәсіподақты күшейту. Кәсіподақ жұмыс беруші мен жұмысшы арасында жүріп, еңбек адамының құқығы мен мүдделерін қорғауы керек. Сондықтан да, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, «Кәсіптік одақтар туралы» жаңа заң жобасы да дәл осындай мақсаттарды шешуі керек. Бұл ретте жаңа құжат әлеуметтік әріптестік институтын одан әрі дамытуға, жұмысшылардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын тиімді қорғауға бағытталмақ.
«Мұндай мақсатты жүзеге асыру үшін кәсіподақ қозғалыстары қызметінің моделін дұрыс таңдап алу баса қажет. Осыған орай, халықаралық тәжірибелерге сараптамалар жасалды. Тоқтала кететін жайт, әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, кәсіподақ қозғалыстарының моделі елдің даму деңгейіне және әлеуметтік әріптестердің материалдық, материалдық емес игіліктерді бөлуіне тәуелді болып табылады», - дейді Т. Дүйсенова.
Министрдің сөзіне қарағанда, кәсіптік одақтар күшті әлеуметтік әріптестерге айналуы үшін кәсіподақтарға еңбеккерлер мүддесіне өкілдік ету және келіссөздер жүргізу құқықтарын нақты бекіту қажет. Бұдан бөлек, еңбек қатынастарының реттелу деңгейіне қарай әлеуметтік әріптестік жөніндегі комиссияның өкілеттігін нақты ажыратып шектеу және кеңейту керек.
«Бүгінгі таңда қазақстандық кәсіподақ қозғалысы тым ұсақталып кетті. Мәселен, іс жүзінде жұмыспен қамтылған 8,4 млн. халықтың тек 30 пайызы ғана немесе 2,5 млн. адам осындай қозғалысқа бірігіп отыр. Бұған қоса, бүгінгі ішкі нақты жағдайымыз де өзгерді, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы қағидатты түрдегі міндеттерді шешуде. Ал осыдан он жылдан астам бұрын қабылданған «Кәсіптік одақтар туралы» заң бұған ешқандай да жауап бере алмай келеді», - дейді министр Т. Дүйсенова.
Бұл ретте министр жаңа құжатта кәсіптік қозғалыстардың әлемдік тәжірибесі негізге алынғанын айтады. «Бұл ретте халықаралық тәжірибені, Халықаралық еңбек ұйымының ұйғарымдары мен Қазақстандағы кәсіптік одақтарды институционалдық және құрылымдық шұғыл жаңғырту ескеріле келе жаңа заң жобасы әзірленіп отыр. Оның негізі етіп, әлеуметтік әріптестік институтының ықпалын нығайтуға бағытталған «күшті әріптес» моделін алуды ұсынамыз», - деді Еңбек министрі Тамара Дүйсенова.
Түйіндей айтсақ, Парламентте талқыланып жатқан жаңа заң кәсіподақтарға, еңбекшілердің құқы және заңды мүддесін қорғауға, билік пен жұмысшы һәм жұмыс беруші арасында пәрменді, тиімді диалог жүргізуге мүмкіндік беріп, мұрындық болуы шарт. Өйткені, бүгінгі дағдарыстық жағдайда әлеуметтік әріптестікті оңтайлы дамытпағандар ұтылыс тауып жатқанын аңғару да қиын емес. Ендеше, жаңа құжат мемлекеттің тұрақтылығына да септігін тигізсе игі.