Кәсіптік-теxникалық білімге германиялық үлгіні енгізе аламыз ба

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Атамекен» ҰКП бас кеңсесінде Германияның Трир қолөнер палатасымен бірлесіп қолға алынған шаралар аясында «Бизнес және ұлттық біліктілік жүйесі: стратегия және бағдарламалар» атты екі күндік форум басталды. Негізгі тақырып - маман оқыту жұмысына бизнесті кеңінен тартып, өндіріске қажетті кадрларды даярлау, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, осы уақытқа дейін Германияның Трир қолөнер палатасымен бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижесінде жас мамандарды дуальды оқыту, осы салада неміс тәжірибесін енгізу бойынша бірқатар шаралар атқарылды. Бірқатар облыс пен қалада арнайы семинарлар ұйымдастырылып, колледждердің оқу жоспарларын өзгертуге қатысты ұсыныстар жасалды.

«Бізге бірлескен жұмыстың нақты нәтижесі керек. Ол үшін арнайы Жол картасын дайындауды ұсынамын. Онда нақты екі мәселе жазылуы қажет деп ойлаймын. Ол - дуальды оқыту және колледждерді басқаруды бизнеске беру. Мен үшін дәл осы екі проблеманы шешу керек. Сондықтан форумның соңында осы іспетті нақты мәселелерді шешуді көздейтін жоспарды қабылдау қажет деген ойдаймын», - дейді Жұмағазиев.

Ал Қазақстанда екі жылдан бері жүрген неміс мамандары еліміздің кәсіби-теxникалық білімін, сондай-ақ осы білім мен өндірістің алшақтығы мәселесін зерделеп көрді.

«Біз бизнес пен білім саласында жүрген адамдардың арасында сауалнаманы да өткіздік. Біреуі проблема бар десе, екіншісі ешқандай проблема жоқ деп айтады. Үшіншісі ол жайында айтуға да қорқады. Сондықтан нақты көзқарас жоқ. Біздіңше, «Атамекен» ҰКП жанынан арнайы оқыту орталығын ашуға болады», - дейді ортақ жобаның үйлестірушісі Альберт Овер.

Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі германиялық қоғамның аға консультанты Гертц Райнер болса, Геранияның кәсіптік-теxникалық білім беру саласындағы тәжірибесін бірден Қазақстанға көшіре салу мүмкін емес дейді. Оған біраз уақыт қажет. Оны «Атамекен» палатасы да түсініп отыр.

«Иә, Германияның кәсіптік-теxникалық білім беру саласындағы тәжірибесі мол. Терең тариxы мен өзіндік дәстүрі бар. Сондықтан біздің оны жай көшіре салғанымыз жарамайды. Оларда маман даярлау жұмысы мүлдем басқаша жүргізіледі. Мәселен, бізде мектеп түлегі колледжге барып, құжат тапсырады. Колледж өз кезегінде жұмыс берушілермен байланыс орнатады да, жас мамамандардың жұмысқа тұруына атсалысады. Германияда олай емес. Мектеп түлегі бірден жұмыс берушіге барады. Мысалы, Мерседес шығаратын зауытқа барады да, дәнекерлеуші болғым келеді деп айтады. Компания өз келісімін бергеннен кейін ол адамды тиісті колледжге жібереді. Сол колледж компанияның серіктесі болуы әбден мүмкін. Сөйтіп, немістің колледж студенті уақыттың 60 пайызын өндірісте өткізеді, өзінің практикалық біліктілігін арттырады. Бізде болса, партадан партаға ауыса салады», - дейді «Атамекен» ҰКП адам капиталын дамыту департаментінің директоры Олжас Ордабаев.

Соңғы жаңалықтар