Қасіретті жылдар мәңгі жадымызда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін - ХХ ғасырдың басындағы мыңдаған отаудың шаңырағын ортасына түсіріп, адамдарын қайғы мен қасіретке бөктірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні.
None
None

Бұл күн Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың 1997 жылғы Жарлығымен бекітілген Саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын еске алу күні ретінде кеңінен аталып келеді. Сондықтан да этностық және діни тегі бөлек тоталитарлық жүйенің диірменіне түсіп, өзгеше ойлағаны үшін күнәсіз сотталып, ту­ған жерлерінен аяусыз айдалып, ГУЛАГ түр­мелерінде жазықсыз көз жұмған миллиондаған адамды еске алу әрі есте сақтау Тәуелсіз Қазақ елінің әрбір азаматы үшін қасиетті парыз болып қала бермек.

Иә, «Халық жауларын» анықтау деген бүркемемен сынықтан сылтау тауып, адамдарды қуғын-сүргінге ұшыратқан қатал саясаттың азабын жазықсыз жапа шеккендер ғана емес, олардың туған-туыстары да тартты. Сонау зұлмат жылдары Қазақстанда 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраса, соның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың арасында Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, О.Жандосов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин, М.Тынышбаев, М.Жұмабаев. С.Асфендияров сынды қазақ зиялылары болды.

Саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысы қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылды. Олар әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.

Жалпы, тарихи деректерге қарағанда, 1921-1954 жылдары аралығында КСРО-да «контрреволюциялық» немесе «антисоветтік» деген жаламен 3 миллион 777 мың адам сотталған екен.

Айта кетерлігі, дәл осы күні Қазақстанда ашарлықта қаза тапқандарды да еске алу күні ретінде аталып өтіледі. 1920 жылдың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан, әсіресе Қазақ халқы қатты зардап шеккені тарихтан мәлім. Мәселен, Қазақстан басылымдарының біріне сұхбат берген Тұрар Рысқұлов публицистикасын зерттеуші Мейрамхан Сағынқызы: «Біз бұл күнді қаралы дата деп атап өтіп, оңай айта салғанымызбен, оның түбінде үлкен қайғы-қасірет жатыр. Әрбір қазақтың баласы осы қайғы-қасіретті ұмытпауы керек. Кезінде осы жылдарға қатысты баспасөздің бір сыпырасын зерттеген болатынмын. Сол кезде біраз нәрселерге көзім жетті. Тарихқа үңіліп қарайтын болсақ, ашаршылық қазақ даласында 1929 жылы бірінші рет болып, кейін 1932 жылы қайталанған. Бірінші ашаршылықта бірнеше миллион халық қырылған болса, екіншісінде одан да көп халық аштықтан көз жұмды. Ал қырылғаннан қалғандары жан сақтау мақсатында басқа елдерге босып, тозып кетті. Бұның барлығы қазақ даласына жасалған қиянат болатын», - дейді.

Тарихи деректерге қарағанда, тек 1932-1933 жылдары ең кемі 1,5 млн. қазақ аштықтан ажал құшты. Дегенмен бұл деректерді әлі де тыңғылықты зерттеу керек. Өйткені, ол кездегі есептерді басшылар өзі пайдасына орай бұрмалап берген. Ал аман қалған қандастарымыздың тағы да 200 мыңы жосып, басқа мемлекеттерге көшіп кетті. Сол жылдары нәубетке шарпылмаған, аштық тауқыметін тартпаған қазақ қалған жоқ. Кейбір ауылдар түгелімен жоқ болып кетті. Мұның барлығы сол кездегі кеңестік биліктің тоталитарлық саясатының қолдан жасаған зұлматы еді.

Тәуелсіздіктің ақ таңы атқаннан кейін әділдік салтанат құрып, 146,5 мың күнәсіз жазғырылған отандасымыздың аттары жазылған 14 «Аза кітабы» жарыққа шықты. Заңнамаға сәйкес, 340 мыңнан астам заңсыз қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтар ақталды. Тоталитаризм құрбандары жерленген жерлерде ондаған ескерткіш белгілер орнатылды.

Соңғы жаңалықтар