15:30, 31 Мамыр 2023 | GMT +5
Қаскелеңде көше бойымен қалың жылқыны шұбыртып айдағандар жауапқа тартылды
ҚОНАЕВ. ҚазАқпарат - Қаскелеңде 200-ге жуық жылқыны трассамен айдап өткен тұрғын жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
30 мамырда әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Қаскелең қаласының көшелерінің бірінде біреулер қалың жылқыны шұбыртып айдап бара жатқаны түсірілген бейне анықталды.
«Дерек аудандық полицияда тіркелді. Іздестіру жұмыстары барысында Қарасай ауданы ПБ ЖПҚБ қызметкерлері ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы 1-бөлігі (ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын бұзу), сондай-ақ ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы 1-бөлігі (аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу) бойынша үш азаматты анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты»,- делінген Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сондай-ақ, құқық бұзушылармен бұдан былай мұндай фактілерге жол бермеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.