Каспий бекіресіне электронды төлқұжат берілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау өңірінде бекіре балықтарының тұқымдық қоры жасақтала бастады, деп хабарлайды «Хабар» телеарнасы.
None
None

Бұл - балық өсіру зауыттарының жоспарлы жұмыс істеуіне игі ықпал етеді. Қолда бағылып, төлқұжат алған бекіре, қортпа, шоқыр мен сүйрік балықтарынан енді қажетінше тұқым алуға мүмкіндік бар.

Бұл жолы Жайық-Атырау бекіре балығын өсіру зауытындағы бекіре тұқымдастарына жататын шоқыр балығының 11 аналығы мен 20 аталығына электронды төлқұжат тағылды.  

Микрочип салынғаннан кейін арнайы сканердің көмегімен ол балықтың тегі анықталады. Бұл балықтың генетикалық төлқұжаты десе де болады. Онда барлық ақпараттар жинақталған.   Бұл балықтар зауыттың арнайы тоғандарында қысы-жазы бағылады.

Зауыт соңғы жылдары аталық пен аналық балықтардан тірідей тұқым алу әдісін енгізді. Бұл ірі балықтардың басын сақтауға игі ықпал етуде.

-Аталық-аналық белгідегі балықтардың генетикалық құрылымын білудің арқасында біздер олардан алынатын тұқымдардың генетикалық алуан түрлілігін, туыстық алшақтылығын сақтап қаламыз. Бұл өз кезегінде болашақ жас балықтардың табиғатқа бейімділігін арттыра түседі, дейді «Жайық-Атырау» балық өсіру зауытының директоры  Ғилмен Сәрсемәлиев.

«Шоқыр балығы Каспий теңізіндегі бекіре тұқымдастардың негізі болып саналады. Сондықтан «қызыл балықтың» осы түрінің тұрақты қорын жасақтау туралы мәселе өте өзекті. Бүгінде табиғи ортада бекіре тұқымдастардың ішінде сүйрік, қортпа балығы мүлде азайып кетті.   Ендеше әзірге тұқымы сақталып тұрған қалған шоқырдың басын көбейту - кезек күттірмейтін іс.  Тәжірибе ретінде қолға алынған шара оң нәтиже берсе, бекіре тұқымдастардың қалған түрлері де  осылай қолдан көбейтілмек», деп хабарлайды телеарна.

Соңғы жаңалықтар