Каспий «бестігі» транзиттік бағыттарды дамыту жол картасын қабылдайды - Әлихан Смайылов

None
МӘСКЕУ. ҚазАқпарат – Ақтау порты «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шығыс-Батыс» көлік дәліздерінің негізгі элементіне айналуға қабілетті. Бұл туралы Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов II Каспий экономикалық форумының пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Үкімет басшысы Каспий өзінің географиялық орналасуына және бірегей транзиттік әлеуетіне байланысты халықаралық сауданы дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Ол күш-жігерді бірлесіп қолданудың маңызды бағыттарының бірі көлік инфрақұрылымын дамыту және халықаралық сауданы кеңейту деп атады.

«Қазақстан Солтүстік-Оңтүстік және Шығыс-Батыс көлік дәліздерінің әлеуетін арттыратын трансшекаралық хабтарды қалыптастыру бойынша ауқымды жоспарлар белгіледі. Бұл: Ақтау және Құрық теңіз порттары, Қорғас «құрғақ порты», «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы және басқалар. Аталған хабтар Каспий елдерімен және одан әрі халықаралық нарықтармен сауда ағындарының кеңеюіне ықпал етеді», - деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр сондай-ақ Мемлекет басшысының Ақтау портындағы ірі көлік-логистикалық орталыққа айналуы мүмкін Каспий маңы азық-түлік хабын құру туралы бастамасына да тоқталды.

Бұл ретте ол өңіраралық сауданың әлеуетін толық ашу үшін өңірдің көлік байланысын жақсарту қажет екенін атап өтті. Мәселен, транзиттік және экспорттық жүктердің маңызды бағыттарының бірі – «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізі.

«Бұл – Парсы шығанағы елдеріне баратын ең қысқа жол. Сонымен қатар, Үндістаннан біздің бағытқа әлеуетті жүктер бар. Ақтау порты «Үндістан – Парсы шығанағы елдері – Иран – Қазақстан – Ресей» бағытында торапқа айналуы мүмкін», - деді Ә.Смайылов.

Сондай-ақ, министрлер кабинетінің басшысы Еуропа, Орталық Азия және Қытай арасындағы жүк ағындарын кеңейту үшін Транскаспий халықаралық көлік маршрутындағы «тар» жерлерді дамыту және синхронды түрде жою қажеттігін мәлімдеді.

«Қазақстан өңірдің транзиттік әлеуетін нығайту бойынша бірлескен іс-қимылдарға кірісуге дайын. Біз әріптестермен бұл жұмысты қазірден бастаймыз, тиісті жол картасын әзірлеп, транзиттік маршруттарымыздың әлеуетін кеңейтуге кірісеміз деп келістік», - деп атап өтті ол.

Каспий экономикалық форумы – Каспий өңірі елдері ынтымақтастығының өзекті мәселелерін талқылауға арналған ең ірі алаң. Олардың негізгілері – сауда-экономикалық байланыстар мен көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту. Форум аясында дөңгелек үстелдер, пленарлық отырыстар, конференциялар және басқа да іс-шаралар өткізіледі. Екінші КЭФ-ке Каспий «бестігі» елдерінен, сондай-ақ Беларусь, Қырғызстан және Өзбекстаннан 1000-нан астам делегат қатысады.

Нарынбек Ысмағұлов


Соңғы жаңалықтар