«Каспий – достық теңізі» мотошеруіне қатысушылар Маңғыстауға келді
Мотошерудің басты мақсаты - Каспий маңы елдерінің ынтымақтастығын нығайту.
Шетелден келе жатқан мотокеруен бүгін Ақтау қаласына жетті. Қатысушыларды Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері мен жастар, әртістер ерекше құрметпен қарсы алды.
«Бүгін Астрахан қаласынан жол тартқан мотокеруен Ақтау қаласына жетті. Бұл шеру Каспий маңында орналасқан мемлекеттердің бейбітшілігін нығайтады деген сенімдемін. Сондай-ақ, мотошеру қатысушыларға жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әдемі табиғатымызды көреді. Мемлекеттік қызмет және бизнес өкілдерімен, облыс басшыларымен танысады. Қазіргі таңда барлық мемлекет ашықтықты қолдайды. Өйткені кез-келген кездесу адамның ой-өрісін кеңейтеді, бейбітшілік пен достыққа бағыттайды» - деді Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Астрахандықтар 2023 жылдың 1-11 сәуір аралығында Қазақстанның Атырау мен Ақтау қалаларын басып өтіп, Түрікменстанның Түрікменбашы мен Ашхабад шаһарларына сапар шегеді. Бұдан кейін көш басын Иранның Бабольсер мен Решт және Әзербайжанның Астара мен Баку сияқты ірі қалаларына бұру көзделген. Мотошеру мүшелері Дағыстан Республикасының аумағы арқылы Астраханға өтіп, сапарын аяқтайды. Ең ұзын жол 905 шақырымды құрайтын Атырау мен Ақтау арасы, ал ең қысқа жол 360 шақырымға созылған Астрахан мен Атырау арасы екендігін атап өткен жөн.
«Астрахан - Каспийдің Ресей еншісіндегі маңызды геостратегиялық аумағы және елдің сыртқы саясатының басты бағыттаушысы. Біз барлық Каспий маңы елдерімен ынтымақтастықты белсенді дамытып жатырмыз. Экономикада да, гуманитарлық салада да көптеген бірлескен жобаларымыз бар. Біздің өңірден бастау алған мотошеру «Каспий бестігінің» арасындағы бейбітшілікті, достық пен келісімді өркендете түсуіне қызмет ететініне сенімдімін» - деді Астрахан облысының губернаторы Игорь Бабушкин.