Каспий итбалықтары «Ақжайық» резерватында видеоға түсіп қалды

АСТАНА. KAZINFORM — «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында Каспий итбалықтары табиғи мекенінде жүзіп жүрген сәтте байқалды. Сирек кездесетін теңіз жануарларын мемлекеттік инспектор аумақты барлау кезінде видеоға түсірген. Бұл туралы Экология министрлігі мәлім етті.

Каспий итбалықтары «Ақжайық» резерватында видеоға түсіп қалды
Фото: Экология министрлігі

Ведомствоның мәліметінше, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында кезекті аумақты барлау кезінде мемлекеттік инспектор ерекше көрініске куә болған.

Каспий итбалықтары табиғи мекенінде емін-еркін жүзіп жүр! Айнала тып-тыныш, ал теңіз тұрғындары өз әлемінде алаңсыз тіршілік кешіп жатыр.

Осындай сәттер жабайы табиғаттың қаншалықты ғажайып екенін тағы бір мәрте еске салады.

— Каспий итбалығы — тек Каспий теңізінде ғана кездесетін ерекше жануар әрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек түр, — делінген хабарламада.

Олардың әрбір кездесуі табиғатты қорғаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Каспийде ғана кездесетін итбалықтың ерекшелігі туралы мына сілтемеден оқыңыз.

Қасым-Жомарт Тоқаев COP17 аясындағы Биоалуантүрлілік бойынша көшбасшылар саммитінде Каспий итбалығының жойылу қаупі ерекше алаңдататынына тоқталған еді. Мемлекет басшысы соңғы ғасырда Каспий итбалығының саны 1 миллионнан 270 мыңға дейін азайғанын айтып, дабыл қақты. Қазақстанда Каспий итбалығы сирек кездесетін және жойылу қаупі бар түрлердің қатарына ресми түрде енген. Теңіз маңындағы бес мемлекет пен халықаралық қоғамдастықты осы түрді сақтап қалу жолында күш жұмылдыруға шақыратынын жеткізген болатын.