Каспий құбыр консорциумы айлағында шланг ауыстыру 60 күнге созылады
АТЫРАУ. KAZINFORM — Каспий құбыр консорциумы Қара теңіз жағалауындағы айлақта ВПУ-3 қондырғысының 27 шлангісін ауыстыруды көздеп отыр. Бұл жұмыс шамамен 60 күнге созылады.

Консорциумның Telegram арнасындағы ақпаратқа сүйенсек, кеше, 29 шілдеде теңіз терминалындағы ВПУ-2 қондырғысында мұнайды танкерлерге тиеу қайта басталды.
Бұл құрылғыдағы жоспарлы жөндеу жұмысы 24 шілдеде аяқталған. Содан кейін жүк тиеу процесі алдында гидросынақ жүргізілген.
«2024 жылғы 28 шілдеде ВПУ-3 жабдығын жоспарлы профилактикалық жөндеу жұмыстарына дайындау басталды. Мұнда суасты құбырының терминалдық коллекторы (ОПТМ) жабылды. Ал, ВПУ-3 құрылғысы пайдаланудан уақытша шығарылды. Онда танкердің көмегімен шаю жұмысы атқарылды», -деп хабарлады консорциумның баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, ВПУ-3 құрылғысында 27 шлангіні ауыстыру көзделіп отыр.
Оның ішінде су астында қолданылатын 12 және жүзбелі 15 шланг бар.
Бұл операция ауа райы қолайлы болып тұрса, шамамен 60 күнге созылады.
Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий құбыр консорциумы Қазақстаннан 56 млн тонна мұнай тасымалдағанын хабарлаған болатынбыз.