Каспий құбыр консорциумына жасалған дрон шабуылы: СІМ мәлімдеме жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Каспий құбыр консорциумының мұнай станциясына жасалған дрон шабуылы бойынша Украина тарапына алаңдаушылық танытты. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров мәлім етті.

– Біз алаңдаушылығымызды Украина тарапына жеткіздік, олардың хабары бар. Иә, бұл инфрақұрылымға шабуыл жасалды, бұл түсінікті жағдай. Алайда қазір Каспий құбыр консорциумы қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Біз мұнайды экспорттап жатырмыз. Егер мұндай жағдай тағы қайталанатын болса, мәселені тағы көтереміз, – деп жауап берді Әлібек Қуантыров Мәжіліс отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Еске салайық, биыл 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының мұнай айдау стансасына дронмен шабуыл жасалды.
Кейін еліміздің Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумының мұнай айдау стансасына жасалған дрон шабуылына қатысты мәселені Украинамен талқылайтынын хабарлады.
Артынша Каспий құбыр консорциумының азаматтық нысандарына шабуыл жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Өз кезегінде Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы арқылы мұнай айдауда шектеу жоқ деп мәлімдеді.