Каспий құбыр консорциумының магистральдық құбырымен мұнай тасымалы тоқтатылды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий құбыр консорциумының магистральдық құбырымен мұнай тасымалдау 3 күнге тоқтатылды.

Каспий құбыр консорциумының телеграм арнасындағы ақпаратына сүйенсек, 9 сәуірде магистралдық мұнай құбыры нысандарында ағымдағы жөндеу басталған.
«Каспий құбыр консорциумы 9 сәуірде Теңіз-Новороссийск магистральдық мұнай құбыры нысандарында ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге кірісті. Мұнай құбырының 72 сағатқа тоқтатылуы жылына кемінде екі рет болады. Оның кестесі барлық жүк жөнелтушілермен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігімен алдын ала келісіледі», - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.
Жоспарлы тоқтату техникалық қызмет көрсетуге, бұрын пайдаланылмаған жабдықты қайта қосуға бағытталған.
«Теңіз терминалында мұнай жөнелту тоқтатылды. Оны 11 сәуірде қайта бастау жоспарланып отыр», - деп мәлім етті компанияның баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұған дейін Каспий құбыр консорциумы нысандарына жақын маңда жер сілкінген еді.