Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға 2016 жылы қол қойылуы мүмкін - Е. Ыдырысов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға 2016 жылы қол қойылуы мүмкін. Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов осылай мәлімдеді.
None
None

«Каспий теңізінің құқықтық мәртебесіне қатысты келіссөздер үдерісі өте күрделі, 22 жыл бойы жалғасып келеді. Дегенмен, теңіздің құқықтық мәртебесіне қатысты құжатқа қол қоятын кезеңге жақындай түстік. Нақтырақ айтсақ, Конвенцияның 60 пайызға жуығы пысықталған, дегенмен, күрделі, шешімін таппаған мәселелер де баршылық. Бұл мәселелер құбырлар төсеу, кемелердің еркін жүзуі, Каспий биоресурстарын қорғау, қоршаған ортаны қорғауға қатысты мәселелер. Каспий теңізі жағалауындағы әскери қызметтер бойынша сұрақтар да күрделі», - деді Е. Ыдырысов.

Министрдің айтуынша, Қазақстан үшін, әсіресе Каспий теңізінде құбырлар салу мәселесі өзекті болып табылады. Осы тұрғыдан Қазақстан мен Әзербайжан және Түркіменстан ортақ позиция ұстанса, Ресей мен Иранның ұстанымы бөлек. Министр бұл өте нәзік шешімді талап ететін аса күрделі мәселе екенін алға тартады. «Иран мен Ресей теңізде құбырлар салуды Каспий жағалауындағы бес мемлекеттің барлығының келісімімен жүргізілсін деп отыр. Қазақстан мен Әзербайжан бұған қарсы. Егер Қазақстан мен Әзербайжан теңіз табанынан құбыр салғысы келсе, онда біз Ресей мен Иранға барып, олардың да рұқсатын алуға тиіс екенбіз. Міне, біз бұған қарсы болып отырмыз. Өйткені, бұл Әзербайжан мен Қазақстанға қатысты ғана мәселе болғандықтан, оны өзара шешкіміз келеді», - деді министр Е. Ыдырысов.

«Соңғы рет Астрахан саммиті аса маңызды болды, онда мемлекет басшылары Конвенцияға енгізілетін аса маңызды құжаттарға қол қойылды. Ал Каспий бойынша келесі саммит 2016 жылы Астанада өтпек, осы саммитте мемлекет басшылары конвенцияға қол қою тапсырмаларын жұмыс тобына жүктеген болатын. Бұл аса үлкен әрі күрделі шаруа, өйткені теңіз жағалауындағы мемлекеттер ортақ келісімге келмеген, соның ішінде кейбір аймақтар бойынша ортақ пікір айқындалмаған мәселелер әлі де күн тәртібінде бар», - деді Е. Ыдырысов.

Соңғы жаңалықтар