Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға 2017 жылы қол қойылуы мүмкін - С. Лавров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы Конвенцияға 2017 жылы қол қойылуы мүмкін. Бүгін Каспий маңы мемлекеттерінің Сыртқы істер министрлері кеңесінің қорытындысына арналған брифингте Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров осылай мәлім етті.
None
None

«Біз өнімді жұмыс істедік, бірқатар бағыттар бойынша алға жылжу бар.  Енді қалған мәселелерге келсек, ол бойынша мемлекеттер басшыларымен келісілген принциптерді дұрыс рәсімдеулер ғана қалды деп ойлаймын. Соның ішінде теңіздің табаны көршілес мемлекеттер арасында да бөлінетінін білесіздер», - деді С. Лавров.

Оның айтуына қарағанда, Ресей мен Қазақстан және Әзербайжан теңіз табанын бөлуге қатысты келісімдерге қол жеткізген. «Тұтастай алғанда, Конвенцияға нақты қол қою 2017 жылы болып қалады деп есептеймін. Оны келер жылдың бірінші жартыжылдығына қарай жүзеге асыруға да болатын секілді деп ойлаймын. Ары кетсе, біздің сарапшыларымыз алдағы екі айда бар күшін сала жіті жұмыстар атқаратын шығар. Сосын біз одан кейінгі сыртқы істер министрлерінің атқаратын рөліне назар бұратын боламыз», - деді РФ СІМ.

 Еске салайық,  Каспий маңы мемлекеттерінің сыртқы істер министрлерінің кеңесіне Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Эльмар Мамедъяров, Иран Ислам Республикасының  Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зариф, Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров және Түркіменстан Республикасының Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары,  Сыртқы істер министрі Рашид Мередов қатысқан жиынға Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов төрағалық етті.

Соңғы жаңалықтар