Каспий теңізінің жағалауында курорттық аймақ салынады
Бұл туралы бүгін облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың халыққа есеп беру жиынында айтылды.
«Мұндай деңгейдегі нысан облыста алғаш рет салынғалы отыр. Жоба нобайына қарап-ақ оның көлемін бағалауға болады. Лагерь аумағы бірнеше аймаққа бөлінеді. Әкімшілік аймақта қызметкерлер жатақханасы, әкімшілік ғимарат, медициналық бөлімше орналасады», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ, аумақта балалар орталығы, кинозал, жаттығу залы, кітапхана мен балалар шығармашылығына арналған бірнеше үйірмелер болады. Мұнда балалар жас натуралистер стансасында жаттыға алады.
Спорт аймағында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары, теннис корты, үстел теннисі алаңы, скалодром алаңы, әр түрлі көше жаттығу құрылғылары, бадминтон, воркаут алаңдары болады. Жағажай құбылмалы тереңдіктегі ашық бассейнмен, саябақ, ролледром, скейтдроммен жабдықталады. Велосипедпен серуендеп, таңертең жүгіргісі келетіндер үшін жүгіретін жол мен екі жолақты велосипед жолы қарастырылған.
Лагерді көгалдандыру жұмыстары аясында тұзды топырақта өсе алатын көшеттер отырғызыады. Осы лагерьге келіп Атырау облысы халқы Каспий теңізінің жағалауына өркениетті түрде демала алады. Лагерь құрылысы жер қойнауын пайдаланушылардың әлеуметтік аударымдары есебінен жүргізіледі. Құрылыс 2018 жылы басталады деп жоспарланып отыр.
«Лагерь құрылысы аталған жерде инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу шағын және орта бизнес субъектілеріне шағын қонақүйлер, демалыс базасы, тамақтану орны секілді жаңа демалыс орындарын ашуға, ал тұрғындарға, қонақтар мен туристерге Каспий теңізінің жағалауында толыққанды демалуға мүмкіндік береді», - деді Нұрлан Ноғаев.
Айта кету керек, осындай нысандар салу мультипликативтік нәтиже береді - жаңа жұмыс орындарын құру, ШОБ субъектілерін көбейту, сыртқы және ішкі туризмді дамыту. Бұл жұмыстар Елбасы тапсырмасының аясында жасалуда.
Сонымен қатар, қазіргі уақытта Бесікті ауылында 300 орындық балаларға арналған емдеу-сауықтыру лагерінің ЖСҚ-сы жасақталуда.