Каспий теңізін зерттеу институты басқа министрлікке өткізіліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Каспий теңізінің қазақ ғылыми-зерттеу институты Экология министрлігінің қарамағына өткізіліп жатыр. Бұл туралы Kazinform сауалына Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми жауабында айтылды.

— «Каспий теңізінің қазақ ғылыми-зерттеу институты» КеАҚ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 25 қаңтардағы № 36 қаулысымен құрылды. Жүргізілген талдау институттың негізгі қызметі Экология және табиғи ресурстар министрлігінің функцияларына көбірек жататынын анықтаған. Осының негізінде Қазақстан Республикасының Үкіметі институтты Су ресурстары министрлігінен Экология министрлігіне беру туралы шешім («ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 6 желтоқсандағы № 1031 кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР ПП) қабылдады, — дейді ведомство мамандары.
Ведомство мәліметінше, қазіргі уақытта Экология министрлігі Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен бірлесіп, заңдарда белгіленген тәртіппен әділет органдарында аталған институтты мемлекеттік тіркеуді жүзеге асырып жатыр.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы 2022 жылғы жолдауында Каспий теңізін зерттеу институтын құруды тапсырды. 2023 жылы «Каспий теңізінің қазақ ғылыми-зерттеу институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру туралы» Үкімет қаулысы шықты.
Соңғы жылдары Каспий теңізі жағалаудан алыстап бара жатыр.
Осы жағдайға қатысты, яғни теңіздің таяздануын тежеу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын жазған едік.