Каспий теңізіне құлаған белгісіз нысан: Ақтау гарнизоны ресми жауап берді
АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облысы Құрық ауылы маңында Каспий теңізіне белгісіз нысан құлап, жергілікті тұрғындарды үрейлендірді. Куәгерлердің айтуынша, нысан ауылдан біршама қашық жерде суға түскен, бірақ жағадан көрінген.
Осы оқиға байланысты Ақтау гарнизоны ресми хабарлама таратты. Мәліметтерге сүйенсек, аталған аумақта әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы өткізілген.
- Биыл 21 сәуірде Құрық кентінің оңтүстік бағытында орналасқан теңіз полигонының акваториясында Әскери-теңіз күштерінің кемелерімен жоспарлы тапсырмалар пысықталып, шартты нысаналарға практикалық атыстар жүргізілді. Қауіпсіздік талаптарына сәйкес оқу-жаттығулар басталғанға дейін және аяқталғаннан кейін сигналдық зымырандар қолданылды. Бейнежазбада тіркелген құбылыстар жоспарлы оқу-жауынгерлік іс-шаралармен байланысты және халық үшін қауіп төндірмейді. Азаматтарды сабыр сақтауға және тек ресми ақпарат көздеріне ғана сүйенуге шақырамыз, - делінген хабарламада.
Бұған дейін, Каспий теңізіне қатысты экологиялық жобаға миллиондаған доллар бөлінетінін жазған болатынбыз.