Каспий теңізінен спутниктер апта сайын жаңа дақты тіркеп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл мамырдан бері Sentinel-1A және Sentinel-1 °C спутнигі Каспий теңізінде мұнай өнімдері бар жаңа дақтарды апта сайын тіркеп отыр.

Бұл туралы «Каспий теңізін сақтайық» жаһандық экологиялық қозғалысы «Каспийдегі ашық әлем» жобасының дерегіне сілтеме жасап хабарлады.
2025 жылғы 23 маусымдағы жағдай бойынша теңіздің жағалау маңындағы және ашық аймақта жалпы ауданы 64 км²-ден асатын шамамен 40 дақ анықталған. Теңіздің ластану жағдайы Қазақстан, Әзербайжан, Ресей және Түрікменстан аумағында тіркелген.

Тұрақты ластану жағдайына қарамастан, құзырлы органдар тарапынан ресми ақпарат жоқ.
Осыған байланысты, 2025 жылғы 13 маусымда «Каспий теңізін сақтайық» қозғалысының негізін қалаушы Вадим Ни Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігіне ресми сұрау жолдап, келесі сауалдарға жауап беруді сұрады:
— мемлекеттік спутниктік мониторинг жүргізіле ме, дақтардың тіркелгені рас па?
— ластану деректері бойынша есеп пен жою жоспары бар ма?
— Қазақстан аумағында кеме қатынасы қадағалана ма?
— Каспийдің нәзік экожүйесінің жүйелі түрде ластануына жол бере алмаймыз. Заманауи технология мұнай дақтарын, соның ішінде балласт суын төгумен байланысты ластануды жедел анықтап, жоюға мүмкіндік береді. Біздің қозғалыс Каспий теңізіндегі мұнай дақтарына шұғыл ден қою шараларын жүзеге асыруды мемлекеттік органдардан талап етеді, — деді Вадим Ни.

Биыл мамыр-маусым айындағы деректерге сәйкес, Қазақстан аумағында кем дегенде 7 ластану жағдайы тіркелген, олардың жалпы ауданы 18 км²-ді құрайды. Ресей аумағында 25 дақ анықталған, олардың ауданы шамамен 14 км². Әзербайжан секторында спутниктер жалпы ауданы 28,8 км² болатын 5 ластану жағдайын тіркеген. Сонымен қатар, Түрікменстан секторында жалпы ауданы 4,1 км² болатын екі дақ байқалған.
— Мәселе ластануда емес, ол жинақталып жатыр. Каспий теңізін ғарыштан үздіксіз жедел бақылау төтенше жағдайға дер кезінде әрекет етуге ғана емес, сонымен қатар ғалымдарға теңіз экожүйесіне ұзақ мерзімді техногендік қысымды бақылауға мүмкіндік береді. Мұндай көріністі басқа жолмен алу мүмкін емес, — деп атап өтті «Каспийдегі ашық әлем» жобасының үйлестірушісі Андрей Балагуров.
Еске салайық, биыл сәуірде мұнай өнімдерімен ластанған 15 дақ анықталды, олардың жалпы ауданы шамамен 32 км²-ді құраған. Экожүйені жоюға тіпті шағын көлемдегі дақтардың кумулятивтік әсері де жеткілікті. Оның ішінде газ алмасу процесі бұзылады, балықтар, теңіз құстары мен планктон зардап шегеді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде жаңа арал пайда болды.
Жақында Ресей Президенті Каспий теңізінің тартылу мәселесіне қатысты пікір білдірді.