Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде жаңа арал пайда болды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Табиғат қорғаушылар бірнеше жылдан бері 5 елге ортақ Каспий теңізінің тайыздануына байланысты дабыл қағып келеді. Ал жақында су айдынының солтүсік бөлігіне таяу маңнан аралдың пайда болғаны хабарланды. 

Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде жаңа арал пайда болды
Фото: Ширшов атындағы Океанология институты

Бұл туралы Ресей ғылым академиясының П.Ширшов атындағы мұхиттану институтының ғалымдары ақпарат таратты. 

Ғалымдар арнайы экспедициясы кезінде Солтүстік Каспийде жаңа аралдың пайда болғанына көз жеткізген. Ол Малый Жемчужный аралынан оңтүстік-батысқа қарай 30 шақырым жерде орналасқан.

– Каспий теңізінде жаңа арал табылды. Бұл – Каспий теңізінің тайыздануының тағы бір дәлелі. 2024 жылдың қарашасында түсірілген спутниктік суреттерде «Средняя Жемчужная» жағалауының құрғағаны байқалды. Бұл теңіз деңгейінің төмендеуіне байланысты пайда болған жаңа жер екенін растау енді ғана мүмкін болды, - делінген ақпаратта. 

Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде жаңа арал пайда болды
Фото: Ширшов атындағы Океанология институты

Экспедиция мүшелері әуе кемесімен аралға жақындаған. Алайда, судың таяздығы мен қиын ауа райының құбылуына байланысты қона алмаған. Ал, квадрокоптермен түсірілген фотосуреттерден аралдың сұлбасы анық көрінеді.

– Ғалымдар биогидрохимия, гидробиология және теңіздегі құбылу динамикасына қосымша зерттеулер жүргізу үшін аралдың маңындағы солтүстік таяз суда шамамен 0,4 м тереңдікте арнайы станция құрды. Қазір арал судан сәл ғана жоғары көтеріліп тұр. Бірақ, теңіз суының ең төменгі деңгейінде айтарлықтай байқалады. Беткейі құмды жоталары бар тегіс, ылғалды, әрі жазық. Жақын арада ғалымдар жаңа аралдың бастапқы сипаттамасын аяқтап, оның географиялық атауына қатысты ұсыныстарын ортаға салады, - деп нақтылаған ресейлік ғалымдар. 

арал пайда болды
Фото: Ширшов атындағы Океанология институты

Ғалымдардың пікірінше, Каспий теңізінің деңгейі төмендей берсе, арал аумағы кеңеюі мүмкін. Сөйтіп, сирек кездесетін құстар мен Каспий итбалығының жаңа мекеніне айналатына болжам жасалып отыр. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Сәуірде Каспий теңізінің 3 елдегі секторында 15 дақ анықталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар