Каспий теңізінің жағалауында 700 гектар қамыс өртенді

АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий теңізінің Атырау мен Ресейдің Астрахань облысы шекарасындағы жағалауында тұтанған қамыс өрті 700 гектар аумақты шарпыды. 

Каспий теңізінің Ресеймен шекарадағы жағалауында 100 гектар қамыс өртенді
Фото: Атырау облысы ТЖД

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, 2 наурызда қамыс өрті Каспий теңізінің Құрманғазы ауданы аумағындағы жағалауында тұтанған. Ал, бұл аудан Ресей Федерациясының Астрахань облысымен шектеседі.

«Аудан орталығы – Құрманғазы ауылынан 40 шақырым қашықтықта «Құрманғазы орманшылығы» КММ аумағындағы теңіз жағалауында қамыс өртенді. Жалын шарпыған аумақ – 700 гектар. Бүгін, 4 наурызда сағат 10.00-де өртенген аумаққа барлау жүргізу үшін «ҚазАвиаҚұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы әуеге көтерілді. Өртті сөндіруге Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөлімінен 12 құтқарушы, 1 мотопомпа, жол талғамайтын 1 ТРЭКОЛ көлігі тартылды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы. 

Бұған қосымша «Құрманғазы Орман шаруашылығы» КММ-дан 25 адам, 4 мотопомпа, 5 моторлы қайық жұмылдырылған. 

«Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртін сөндіру жалғасып жатыр. Жалын жағалаудың сулы-батпақты аумағын шарпыған. Оған көлікпен баратындай жол жоқ. Бұл өртті сөндіруге қиындық тудырып отыр», - деп мәлім етті департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий теңізінің Ресеймен шекарадағы жағалауында қамыс өртеніп жатқанын жазған едік

Соңғы жаңалықтар