Каспий жағалауынан 117 итбалық өлексесі табылды

АҚТАУ. KAZINFORM – Жайық-Каспий балық шаруашылығы инспекциясымен 20-21 мамыр аралығында Түпқараған ауданы Форт-Шевченко қаласының «Асан», «Баутин көсесі», «Үрдік мүйісі» жерлеріне рейд жүргізу кезінде Каспий жағалауынан 117 итбалық өлексесі табылды. 

Каспий жағалауынан 117 өлі итбалық табылды
Фото: Маңғыстау балық шаруашылығы инспекциясы

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің мәлімдеуінше, табылған теңіз жануарларының денелері қатты ыдыраған. Осыған байланысты сынамалар алу мүмкін болмады. Табылған итбалықтар былтыр қараша-желтоқсан айларында өлген деген болжам жасалып отыр. 

Бекітілген іс-шара алгоритмі бойынша бұл жағдай барлық құзырлы мемлекеттік органға хабарланды. 

– Түпқараған ауданының Баутин ауылының әкімдігі қызметкерлері, Түпқараған ауданының полиция бөлімі және балық шаруашылығы қауымдастығының Маңғыстау облысы филиалымен теңіз жағалауынан 5 шақырым қашықтықта жатқан итбалықтардың өлекселері жиналып, полигонда санитарлық нормаларды сақтай отырып, жойылды. Қазір теңіз жағалауының бойында мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр, - делінген Комитет хабарламасында.

Жалпы, бүгінгі күнге былтыр қараша айынан жиналып, жойылған итбалықтар саны 2 194-ға жетті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстауда Ақшұқыр ауылы жағалауынан 70-ке жуық итбалықтың өлексесі табылғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар