Каспий жағалауында 88 итбалықтың өлексесі табылды
АҚТАУ. KAZINFORM – Каспий жағалауынан жаппай қырылған итбалық өлекселері табылды. Бұл туралы АШМ Балық шаруашылығы комитеті мәлім етті.

29 сәуірде Жайық-Каспий өңіраралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясының қызметкерлері Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында Каспий теңізі жағалауында жүргізілген мониторинг барысында жағалауда жатқан 88 итбалық өлексесін анықтады. Табылған жеріне инспекцияның, әкімдіктің және Гидробиология және экология институтының өкілдері барды.

Қызыл кітапқа енген жануарлардың қырылғаны туралы факт Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.
«Қазгидромет» РМК мәліметінше, өткен кезеңде облыс суларында батыстан соққан желдің күші басым болып, өлген итбалықтардың өлексесін жағаға шығарып тастаған.
Ғылыми ұйымның (Гидробиология және экология институты) мәліметі бойынша жануар өлекселерінің бұзылып, шіруге жақындағанына байланысты одан әрі зертханалық зерттеулер, соның ішінде токсикологиялық және патологиялық талдау үшін жоғары сапалы сынама алуға мүмкіндік жоқ.

Мамандар итбалықтар 2-3 апта бұрын қырылған деп болжайды. Осыған байланысты су жануарларының өлімінің себептерін анықтау қиынға соғып отыр.
Түпқараған аудандық полигонында жергілікті атқарушы орган мен инспекция санитарлық нормаларды сақтай отырып өлекселерді жинау, тасымалдау және кәдеге жарату жұмыстарын жүргізді. Каспий теңізінің жағалау сызығының мониторингі жалғасып жатыр.
Итбалықтардың қырылуына қатысты жағдай Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің бақылауында.
Бұған дейін Маңғыстау облысында итбалықтар вирустан қырылған еді.