Каспий жағалауындағы қамыс өртіне тікұшақпен 18 рет су төгілген
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Жанбай ауылынан 20 шақырымдағы Каспий жағалауында қамыс жанып жатыр. Жалынды сөндіру үшін тікұшақпен 18 мәрте су төгілген.
Жанбай – Исатай ауданындағы ауыл. Мұнда 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша 3231 адам тіркелген. Оның ішінде 1652 ер, 1579 әйел бар.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінще, Каспий теңізінің жағалауына таяу орналасқан ауылдан 20 шақырым қашықтықта қамыс өрті тіркелген.
«Исатай ауданының Жанбай ауылынан 20 шақырым қашықтықта Каспий теңізінің жағалауындағы 7 гектар аумақта қамыс тұтанды. Өрт ошағы батпақта жерде болғандықтан, оған жету қиын. Қамыс өртін сөндіру үшін Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты «Қазавиақұтқару» АҚ-дан МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды. Қазірге дейін 18 рет су төгілді», -деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.
Жалынды сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері де тартылған. Олар өртті жаяу сөндіріп жүр. Елді мекендерге төніп тұрған қауіп жоқ.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Каспий теңізінің жағалауында қамыс өртеніп жатқанын хабарлаған болатынбыз.