Каспий жағалауында қамыс өртімен күрес жалғасып жатыр

None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий теңізі жағалауындағы қамыс өртін сөндіру жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары, жергілікті атқарушы органдардың және «АқЖайық» табиғи мемлекеттік резерватының қызметкерлері 3 күн бойы Каспий теңізі жағалауындағы қамыс өртімен күрес жүргізуде.

2 сәуірден бастап бүгінге дейін 80-нен астам гектар өрт сөндірілді (жалын шарпыған аумақ 89,5 га құрайды).

«Айта кету керек, өртті сөндіру жұмыстары аралас тәсілмен жүзеге асырылуда. Мәселен, жергілікті жердің сулы-батпақты болуына байланысты өрт сөндіру техникасы өрт ошағына жете алмағандықтан, сөндіру жұмыстары жаяу тәртіппен хлопушкалардың, аспалы өрт сөндіргіштердің көмегімен жүргізіліп жатыр. Көлік жолы бар басқа учаскелерде тиісті өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды», - делінген мәліметте.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін, сағат 17.00-ден бастап өртті сөндіруге «Қазавиақұтқару» АҚ-ның су ағызу құрылғысы бар МИ-8 тікұшағы жұмылдырылды.

«Қазіргі уақытта негізгі өрт ошақтарына әуеден 14 рет, жалпы көлемі 70 тонна су төгілді.

Сөндірілмеген аумақ шамамен 4 га құрайды.

Қамыс өртін сөндіруге барлығы 70-тен астам адам және 20-ға жуық әртүрлі техника жұмылдырылды.

Облыс аумағындағы өрт жағдайының мониторингі ерекше бақылауда.

Атырау облысы ТЖД азаматтарға өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға кеңес береді», - делінген ТЖМ ұсынған мәліметте.

Еске салайық, Атырау облысының әкімдігі «Ақжайық» резерватын өз балансына беруді сұрап отыр. Бұл Каспий теңізі жағалауындағы қамыс өртінің алдын алу жұмыстарын реттеуге мүмкіндік бермек.


Соңғы жаңалықтар
telegram