Каспий жағалауында кефальдің қырылуы теңіз суының желмен жайылуынан болған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий жағалауында қырылған балық жайылған судың астында қалған. Балық өлексесі ыдырап кеткендіктен, ветеринарлық сараптама жасау мүмкін болмай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы таратқан ақпаратқа сәйкес, Каспий теңізінің жағалауында қырылған балық табылған орынға арнайы комссия барған.

«Кефаль балығы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігіндегі «Жилая коса» учаскесінің жанындағы жағалаудан 4 шақырым қашықтықта қырылғаны анықталды. Кеше, 2 қыркүйекте аталған учаскеге инспекция басшысы, жергілікті атқарушы орган, облыстық экология департаменті, «Балық шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығы», Жылыой аудандық ветеринария қызметі, «Балық шаруашылықтардың қауымдастығы - ВД» қоғамдық ұйым өкілдерінен құралған жұмыс тобы барды. Жұмыс тобы балықтардың қырылу себебін анықтау жұмыстарын жүргізді. Өлген балықтар табылған ойпатты жерге 9 шақырым аумағында теңізден су келгені белгілі болды. Кефаль балықтарының қырылған орны толықтай су астында қалған. Жайылған судың орташа тереңдігі – 20 см. Қырылған кефаль балықтарының су астында жатқан орнының ұзындығы – 300, ені 150 метр шамасында», - деп хабарлады аталған инспекциядан.

Жұмыс тобының құрамындағы облыстық экология департаментінің өкілі судан, су астындағы топырақтан сынамалар алды. Мұндай сынамалар салыстыру мақсатында балықтар табылған орыннан 1 шақырым қашықтықтағы жерден де алынды. Кефаль балығының өлекселері ыдырап кеткен. Соған байланысты өлексеге ветеринарлық сараптама жасау мүмкін емес.

«Жұмыс тобы мүшелері соңғы кезде Каспий теңізінің су деңгейі күрт төмендеген деген ұйғарым жасады. Теңіздің солтүстік-шығыс бөлігі – қума желдің жиі соғатын бөлігі. Оңтүстіктен жел соққанда жағалаудағы ойпат жерлерге теңіз суы жайылады. Ал, шығыстағы құрлықтан соққан желдің әсерінен су деңгейі күрт төмендейді. Сол себептен, теңіз суы жағалаудан бірнеше шақырымға қашықтап, батпаққа айналады. Қума желдің салдарынан «Жилая коса» аумағындағы ойпат жерлерге сумен бірге кефаль балықтары жүзіп келген. Жел бағыты жедел өзгергеріп, су деңгейі күрт төмендегенде ойпат жерлердегі балық кері шыға алмай, қырылып қалған», - деп мәлім етті инспекциядан.

Жұмыс тобының қорытынды тұжырымдамасы сараптама нәтижесінен кейін белгілі болады.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында Каспий жағалауынан балықтың қырылған орны табылғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар