14:38, 07 Қазан 2021 | GMT +5
Каспий жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге тікұшақ тартылды
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында Каспий теңізінің Құрманғазы ауданындағы жағалауында жанған қамыс өртін сөндіруге тікұшақ тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұған дейін Атырау облысында Каспий жағалауындағы батпақта қамыс жанып жатқанын жазған болатынбыз.
Бүгін, 7 қазанда Каспий теңізінің Құрманғазы ауданындағы жағалауында жанып жатқан қамыс өртін сөндіру үшін су шашатын құрылғысы бар «Ми-8 ВСУ-5» тікұшағы жіберілді.
Экипаж құрамында 3 адам бар.
«Сондай-ақ, Құрманғазы ауданындағы Мақаш, Теңіз ауылдық округтері аумағындағы өртті сөндіруге облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 18 қызметкері мен Құрманғазы аудандық бөлімінен құтқарушылар жұмылдырылды», - деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.