Каспий жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге тікұшақпен 30 тонна су төгілді

Каспий теңізінің жағалауындағы батпақта қамыс жанып жатыр.
Қамыс өртін сөндіру үшін 7 қазанда тікұшақ тартылды. Сол күні экипаждың 5
мүшесі «МИ-8» (АМТ) ВСУ-5 су ағызу құрылғысы бар тікұшағымен әуеден барлау
жүргізіп, қамыс өртінің екі фронтальды ошағын анықтады. Оны сөндіру үшін
Құрманғазы аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мен №7 өрт сөндіру бөлімінің жеке
құрамнан 11 қызметкер, қосымша күштер мен құралдар тартылған.
«Жеке құрамның қызметкерлері 7 қазанда сағат 12:30-дан сағат 17:30-ға дейін 12 гектар
аумақтың өртін өшірді. Ал, 8 қазанда Каспий теңізінің жағалауында жанып жатқан өрт
ошақтарын сөндіру жұмыстарына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 23
қызметкері, 4 бірлік техника, 4 мотосорғыш жұмылдырылды. Жану ошағына жақын
орналасқан су көзін іздеу мақсатында «Қазавиақұтқару» АҚ батыс өңірлік филиалының
«МИ-871» тікұшағы сағат 12:12-де әуеге көтеріліп, 5 шақырым қашықта орналасқан су
қоймасын анықтады. Су қоймасынан су тасу арқылы «МИ-871» тікұшағы ВСУ-5 су ағызу
құрылғысымен жану ошақтарына әуеден 30 тонна су төгілді. Өрттің жалпы аумағы 150
гектарды құрады. Жалын шарпыған 50 гектар аумақтағы өрт сөндірілді», - деп хабарлады
облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Каспий теңізінің жағалауындағы қамыс өртін сөндіру бүгін де жалғасып жатыр.