Каспий жағалауындағы қамыс өртінің аумағы 690 гектарға жетті

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, бүгін, 9 шілдеде теңіз жағалауындағы қамыс өртінің аумағы тағы ұлғайған.
«Атырау облысында Каспий теңізінің жағалауында өртенген қамыстың аумағы - 690 гектар. Аэровизуалды барлау жұмыстарының қорытындысымен жанып жатқан өрт ошақтары анықталмады. Алайда қамыс бықсып жатыр. Бүгін, 9 шілдеде 08:30 сағаттағы ақпаратқа сәйкес «Казавиақұтқару» АҚ-ның СТҚ-5 қондырғысы бар МИ-8 тікұшағымен 11 рет су төгілді», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Өртенген қамысты сөндіруге Атырау облысының Төтенше жағадайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан, «Казавиақұтқару» АҚ-дан 97 адам, 15 техника, 4 мотопомпа жұмылдырылды.
Еске сала кетейік, Каспий жағалауында 6 шілдеден бері қамыс өртеніп жатыр.
Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының міндетін атқарушы Асқат Ержановтың мәліметінше, Каспий теңізінің жағалауындағы өрттің тұтанғаны кешкі сағат 20:00 шамасында белгілі болған.
«Қамыс өрті Атырау қаласындағы Кеңөзек ауылдық округінен 30 шақырым қашықтықта тіркелді. Сол күні кешкісін өрт аумағын бақылау үшін 12 қызметкер жіберілді», - деп мәлім еткен еді Асқат Ержанов.
Кейін Каспий жағалауындағы қамыс өрті 450 гектарға жайылғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, қамыс өртін сөндіруге Қызылордадан тікұшақ тартылатынын хабарлаған едік.
Ал, кеше жағалаудағы қамыс өртіне тікұшақпен 60 тоннаға жуық су төгілді.