Каспийді бағындырған алғашқы штурман әйел

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтаулық Әсия Букаева — Қазақстандағы Каспий теңізін бағындырған алғашқы әйел штурман. Ол Каспийдің жағалауында өсіп, бала кезінен теңізші болуды армандаған. Ер азаматтармен иық тіресе қызмет атқарып жүрген қайсар әйел Kazіnform тілшісі сұхбат берді. 

Каспийді бағындырған алғашқы штурман әйел
Фото: Әсия Букаеваның жеке архивінен

Әсия Букаеваның өмірі 18 жылдан бері теңізбен тығыз байланысты. Ол 2008 жылы Ресейде адмирал Ф. Ф. Ушаков атындағы Теңіз академиясын тәмамдап, Ақтауда теңіз құрылысы және мұнай өндірісіне жабдықтар дайындайтын ірі компанияда алғашқы еңбек жолын бастаған. Осы жылдар ішінде Әсия капитанның екінші көмекшісінен аға көмекші дәрежесіне дейін көтерілді.

Каспийді бағындырған алғашқы штурман әйел
Фото: Әсия Букаеваның жеке архивінен

— Мен Ақтауда, Каспий теңізінің жағасында өстім. Бала кезімнен теңіз өмірімнің ажырамас бөлігі болды. Мен теңіз кеңістігін бағындырып, әйел адамның ерлермен тең дәрежеде теңізші бола алатынын дәлелдеуді армандадым. Дәл осы ішкі ұмтылыс мені уақыт өте келе штурман мамандығына алып келді. Теңізге деген махаббатым — Қазақстандағы алғашқы әйел-штурман болуыма себеп болды, — дейді Әсия Букаева.

Каспийді бағындырған алғашқы штурман әйел
Фото: Әсия Букаеваның жеке архивінен

Әсияның әкесі құқық қорғау органдарында қызмет етсе, анасы дәрігер. Оның штурман мамандығын таңдауына әкесі мен атасы қолдау білдірген. 

— Мен қарапайым отбасында өстім. Мамандығымды таңдауыма әкем мен атам ерекше әсер етті. Атам теңізші болып, теңіз және өзен флотында қызмет етті, маған теңізге деген сүйіспеншілік пен кәсіби құндылықтарды дарытты. Олардың қолдауы мен ақыл-кеңесінің арқасында мен өз мақсатыма сенімді түрде қадам бастым және теңіз саласындағы жолымды таңдадым. Бұл мен үшін шынайы өмірлік миссияға айналды, — дейді Әсия.

Каспийді бағындырған алғашқы штурман әйел
Фото: Әсия Букаеваның жеке архивінен

Әсия адмирал Ф. Ф. Ушаков атындағы Теңіз академиясына Қазақстаннан түскен алғашқы студенттердің бірі әрі, сол топтағы жалғыз қыз болды. Оның айтуынша оқу өте күрделі, теория мен тәжірибе қатар жүрген. Ол теңізге алғаш рет мұнай тасымалдайтын танкермен шыққан.

Каспийді бағындырған алғашқы штурман әйел
Фото: Әсия букаеваның жеке архивінен
Каспийді бағындырған алғашқы штурман әйел
Фото: Әсия Букаеваның жеке архивінен

— Бұл менің алғашқы кәсіби тәжірибем болды. Ол ұмытылмас әсер қалдырып, штурман ретіндегі қызметімді жалғастыруға деген ниетімді түбегейлі нығайтты. Навигация, кеме аспаптарымен жұмыс, маршруттарды есептеу және күрделі жағдайларда шешім қабылдау — академияда меңгерген осы дағдыларым жұмыс барысында пайдама жарады, — дейді ол.

Әсия Букаеваның айтуынша, жылдар өте келе әйел-штурмандарға деген көзқарас айтарлықтай өзгерген.

Каспийді бағындырған алғашқы штурман әйел
Фото: Әсия Букаеваның жеке архивінен

— Алғашқы кезде әйел адам теңізде ерлермен тең дәрежеде жұмыс істей алмайды деген көзқараспен жиі бетпе-бет келдім. Мұны жеңу үшін кәсібилікке мән беріп, өз білімім мен қабілетімді көрсеттім. Бұрын күмәнмен қараса, бүгінде Қазақстан флотында әйелдерді тең құқылы маман ретінде қабылдайды. Қуантатыны бұл жолды таңдаған қыздар саны артып келеді. Ең қиыны кеме, экипаж және жүктің қауіпсіздігіне деген жоғары жауапкершілік. Әсіресе күрделі ауа райы мен навигациялық жағдайда әр шешім дәл болуы керек. Ал, теңіздегі еркіндік сезімі және сәтті орындалған маршрут мені одан сайын шабыттандырады, — дейді Әсия.

Каспийді бағындырған алғашқы штурман әйел
Фото: Әсия Букаеваның жеке архивінен

2011 жылы Әсия «Маңғыстау» компаниясының алғашқы мұзжарғыш кемесінің кіндік анасы болған. Салтанатты рәсім Ақтау портында өткен.

— Бұл менің кәсіби өмірімде мәңгі есте қалатын ерекше сәт болды. Ол менің компания мен сала дамуына қосқан үлесімнің маңызын айқындайды. Сол кездегі толқыныс пен мақтаныш сезімін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өзімді компаниямыз бен Қазақстан флоты үшін аса маңызды оқиғаның бір бөлшегі ретінде сезіндім, — дейді ол.

Каспийді бағындырған алғашқы штурман әйел
Фото: Әсия Букаеваның жеке архивінен

Әсия Букаева жақсы штурман болу үшін жауапкершілік, күрделі жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білу, күйзеліске төзімділік пен сабыр сақтау аса маңызды екенін айтады. Себебі, бұл кеменің және экипаждың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Теңіз кеңістігін бағындырған жас маман бүгінде бала күтімімен уақытша демалыста. 

Каспийді бағындырған алғашқы штурман әйел
Фото: Әсия Букаеваның жеке архивінен

Бұған дейін, Маңғыстаулық эколог Каспийді сақтап қалудың жалғыз жолын айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар