Каспийде браконьерлерден бір центнерден астам бекіре тұқымдас балық тәркіленді - ҚР ҰҚК ШҚ

АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - Шекара қызметінің бөлімдері мен құрамаларының Ресей Федерациясы ФҚҚ Шекара қызметімен бірлесіп өткізген ауқымды жедел алдын алу шараларының екінші кезеңі аяқталды. Олар Каспий теңізінде браконьерлікпен айналысып келгендерді құрықтады.
ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметінен хабарлағандай, бірлескен шараларды жүргізу барысында ҚР мемлекеттік шекарасын бұзған 124 заң бұзушы ұсталды. 93 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 1,3 млн. теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. 6 адамның ісі әкімшілік сотқа тапсырылды. 6 факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ, бір центнерден астам бекіре тұқымдас балық, 36 625 метр тор, 25 100 метр имекті құрал-сайман тәркіленді.
Айта кетер жайт, бірлескен шараларға ҰҚК, ІІМ, Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі КБК, Қазақстан Республикасы АШМ балық шаруашылығы комитетінің аймақтық органдарының күші тартылды.