Каспийдегі «Қашаған» кен орнында мұнайдың төгілгені анықталмаған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қашаған» кен орнында мұнайдың төгілгені анықталған жоқ.

Қашаған
Фото: kmg.kz

Осыған байланысты Солтүстік Каспий жобасының операторы – NCOC компаниясының сыртқы қарым-қатынастар бөлімі түсінік берді.

«NCOC компаниясы өз қызметін эмиссиялар үшін берілген рұқсаттарда белгіленген нормалар мен стандарттар және қоршаған ортаға әсерді бағалау шеңберінде жүргізеді. Биылғы 30 наурызда сағат 7:43-те теңіздегі «Қашаған» кешенінде мұнайдың, сарқынды судың немесе басқа сұйықтықтардың төгілуі туралы болжамды ақпарат бойынша дәлелдер жоқ. Ал 30 наурызда SENTINEL-1A және 2 сәуірде TerraSAR-X жерсерігінен түсірілген суреттерде Солтүстік Каспий аумағында, оның ішінде «Қашаған» кен орнындағы D аралынан солтүстікке қарай орналасқан шағын аймақта табиғи құбылыс байқалды. Келесі күндері түсірілген суреттерде мұндай құбылыс көрінбеді», - деп хабарлады сыртқы қарым-қатынастар бөлімі.

Әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа сәйкес Каспий теңізіндегі D аралы маңындағы алаң тексерілген. Онда мұнайдың төгілгені анықталмаған. Қазір NCOC компаниясының теңіздегі нысандары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

Еске сала кетелік, бұған дейін «Қашағаннан» мұнай өндіретін NCOC компаниясы 12,4 млрд теңге айыппұл төлегенін хабарлаған едік.

Ал кеше Каспий теңізіндегі «Қашаған» кен орнында мұнай төгілуі мүмкін екенін жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, жергілікті экологтар «Қашағанда» мұнай төгілгені расталса, жоспардан тыс тексеру жүргізілетінін айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар